Bugin
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 140,6 мың отбасындағы 724,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 59,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
«Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
2022 жылғы 1 желтоқсанда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 191,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды» делінген хабарламада.
Азаматтардың әлеуметтік топтаманы заттай форматтан ақшалай форматқа ауыстыру туралы ұсыныстарын ескере отырып, 2023 жылдан бастап мектеп жасына дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылады. Азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтығының орнына әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгіленеді. Осылайша, ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай өз бетінше азық-түлік сатып алу мүмкіндігі беріледі.