Спорт
Футболдан Франция чемпионатының 16-турында «ПСЖ» Париждегі «Парк де Пренс» стадионында «Страсбург» командасын қабылдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл Қатарда өткен әлем чемпионатынан кейін сол біріншіліктің сұрмергені, Франция құрамасы мен «ПСЖ» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппенің алғашқы матчы еді.
Алаң иелерінен қорғаушы Маркиньос 14-минутта Неймардың пасынан кейін өз командасын алға шығарды. Әйтсе де екінші кезеңде бәрі өзгеріп кетті. 51-минутта Маркиньос өз қақпасына гол соғып алды. Ал 63-минутта екінші ескертуін алған Неймар алаңнан қуылды. Дегенмен 90+6-минутта К.Мбаппе 11 метрлік пенальтиді мүлтіксіз орындап, «ПСЖ» клубына жеңіс әперді.
Франция чемпионатында «ПСЖ» 44 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді. Келесі турда париждіктер сырт алаңда «Ланспен» ойнайды. Аргентина құрамасының капитаны әрі шабуылшысы Лионель Месси командаға әзірге қосыла қойған жоқ.
К.Мбаппе әлем чемпионатының финалындағы жеңіліс қанша ауыр тисе де, «ПСЖ» клубына тез оралғанын, мақсаты – барлық кубокті ел астанасына жеткізу екендігін айтты.
«ПСЖ» Чемпиондар лигасында да жарысты жалғастыруда. Алдағы жылы париждіктер 1/8 финалда Еуропадағы ең мықты клубтардың бірі – «Бавариямен» (Германия) кездеседі.
Дереккөз: inform.kz