Әлем

Ресей-Украина: Ресей әскері артқа шегініп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей армиясы Луганск облысында тағы бір түйінді қаладан айырылып қалуы әбден мүмкін. Бұл туралы Bugin.kz порталы The Moscow News агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Украинаның қарсы шабуылы нәтижесінде бұған дейінгі 10 айға созылған соғыстың негізгі мақсаты ретінде «азат ету» деген сөздің желегімен басып алған территорияларының жартысынан айырылып қалған Ресей армиясы Луганск облысында тағы бір бекініс қаласын беріп қоюы мүмкін» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Украина Қарулы күштері Ресей әскерлерінің Креминная қаласындағы позициясына қысымды күшейтіп жатыр. Тірек бекеті және логистикалық орталық деп есептелетін бұл елдімекенге оккупанттар қыркүйек айындағы шегіністерінен кейін келіп орныққан еді. Соғысқа дейін небәрі 18 мың ғана тұрғын тұрған қалашық Донбастың жазда Ресей әскерінің бақылауына өткен өнеркәсіп орталығы – Северодонецк пен Лисичанск жолындағы «қақпа» болатын.

«Ресейдің әскери командованиесі Креминнаядан Рубежноеге көшіп жатыр», – деп хабарлады Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергий Гайдай.

Соның артынша, тура Херсондағы сияқты мұнда арнайы жұмысқа келген ресейлік азаматтар да қаланы тастап шыққан.

«Креминнаяда бірнеше күннен бері кескілескен ұрыс қимылдары жүріп жатыр. Басымдық – украин әскерлері жағында. Ресейліктер егер Креминнаядан айырылса, өздерінің бүкіл қорғаныс шебі қирайтынын жақсы біледі», – деп айтты Гайдай.

Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшыларының айтуынша, украин әскерлері Луганск облысында алдында болжағандарынан да көп табысқа жетіп жатқанға ұқсайды. Олардың мәліметтері бойынша, бұл бағыттағы шабуыл 23 желтоқсаннан бері толассыз болып жатыр. Ал Британия барлау қызметі сәрсенбі күні өзінің дәстүрлі есебінде Красный Лиманның батыс жағынан шабуыл жасап келген Украина Қарулы күштері қаланың «осал» тұсын тез тауып алғандарын мәлімдеді.

Гайдайдың айтуынша, Ресей басқыншылары осы күндері орасан зор шығынға ұшырап отыр. Ал Креминнаяны тастап шықса, олар бір қаладан кейін бір қаланы оңай бере бастайтын болады. Себебі, бұдан кейін көп қырғынға тап болған оккупанттардың қорғанулары өте қиынға айналады.

Киев Креминная бағытын Донбасты толық азат етуге мол мүмкіндік беретін ең бір түйінді шеп ретінде қарастырып отыр. Мұны ЛХР халық милициясының офицері, кезекті коллаборант Андрей Марочко «РИА Новости» тілшісіне берген сұхбатында да растады.

Осы уақытта Ресей армиясының Бахмут (бұрынғы аты – Артемовск, - ред.) түбіндегі шабуылдары да мандымай жатыр. ISW мамандарының жазуынша, әскер қатарының орасан зор адам және техника шығындарына ұшырағанынан басқыншылар шабуылды жекелеген отрядтар деңгейінде ғана ұйымдастыра алады.

Майдандағы бұл жағдайдан Владимир Путиннің қаншалықты хабары бар екені әзірге жұмбақ болып тұр. The Wall Street Journal газетінің Кремльге және федералды шенеуніктерге жақын адамдары Федералды қауіпсіздік қызметі мен Қауіпсіздік кеңесінің сүзгіден өткізілген деректерді ғана алып отырған Путиннің «ақпараттық қапшықта» өмір сүріп отырғанын айтады. Олар оның әлі де Украинаны толық басып ала алатындарына сенімді екенін, сондықтан мобилизация мен экономиканы осы соғысқа төге беруге бел шешіп жүргенін байқаған.

Дереккөз: halyq-uni.kz