Bugin
Ақтөбеде жоғалған 4 жасар Данил Ахуновтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
4 жасар Данил Ахунов 28 желтоқсан күні таңертең өз үйінің ауласынан жоғалып кеткен. Қала халқы белсенді түрде іздестірген еді.
Бүгін полицейлер зорлық-зомбылық белгілері бар жоғалған баланың мәйітін тапқанын хабарлады.
Баланы айуандықпен өлтірді деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«ҚР ҚК-нің кәмелетке толмаған баланы өлтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.Қылмыстық істі тергеу аясындағы басқа мәліметтер жарияланбайды», - деп түсіндірді Ақтөбе облысының полиция департаменті ведомство басшысының орынбасары Ғалым Байжанов.
Айта кетейік, баланы соңғы рет әкесі тірідей көріп, ұлын бірнеше минутқа подъездің жанында қалдырып, өзі темекі шегу үшін жатақхана бөлмесіне көтерілгенін еріктілерге айтқан. Қайтып келгенде сәбиді орнында таппайды.
Данил үшемнің бірі, оның ағасы мен қарындасы бар. Бала әкесі мен әжесімен жатақханада тұрған. Балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылып, отбасынан бөлек тұрады.
Данил жоғалып кеткеннен кейін екі баланы балалар үйіне алып кеткен.