Bugin

Біртанов сот отырысына қатысқан жоқ: Ауруы асқынған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулығына байланысты апелляциялық сот отырысына қатыса алмады. Бұл туралы Астана қаласы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni cайтына сілтеме беріп.

Біртанов сырқатының асқынуына байланысты сот отырысына қатыса алмайды. Соған байланысты сотта үзіліс жарияланды, - делінген ақпаратта.

Келесі сот отырысы 6 қаңтар сағат 15:00-де өтеді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты.

Сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген.

Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.