Bugin
37 жастағы Гүлден Ағытаева қаладағы тазалық мекемелерінің бірінде еңбек етіпті. Қайғылы жағдай бірінші қаңтар күні болған. «102» телефонына «103» операторынан Ақтөбедегі Сәңкібай батыр даңғылындағы үйдің ауласында әйел адамның үстіне арнайы техниканың қондырғысы құлағаны туралы хабар келіп түседі.
«Жедел-тергеу тобы контейнерді тиеу кезінде КамАЗ көлігінің көтергіш механизмі бұзылып, металл қоқыс контейнері ЖШС-нің 38 жастағы қоқыс жинау қызметкеріне құлағанын анықтады. Бірнеше сағаттан кейін әйел алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды», - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ал марқұмның туыстары құзырлы мекемелер жұмыс уақыты кезінде болған оқыс жағдайды егжей-тегжей тексеруді талап етіп отыр.
«Бізге сағат үш жарымда ауруханада реанимацияда жатыр деген хабар келді. Дереу не боп қалды деп, шеберіне хабарластым. Үстіне контейнерді көтеретін манипулятор құлап кетті деп жауап берді. Бүкіл денесін, бүйрек, асқазанының бәрін езіп жіберген, қабырғасын сындырған. Оқыс оқиға жүргізушінің, сосын механиктің салақтығынан болып тұр. Егер де жүк тиеуші сол жерде жүрсе, жүргізуші «манипуляторды» ұстап тұруы керек, қарап тұруы керек», - дейді марқұмның туыстары.
Туыстарының айтуынша, манипулятор, контейнер қозғалған кезде жүк тиеуші 5 шақырым алыста тұруы керек.
«Ал менің сіңлім Гүлден контейнердің айналасындағы қоқысты жинап жатқанда, ол манипуляторды қарамай, жіберіп қалған. Сол уақытта үстіне құлаған. Соның астында бір сағаттай жатқан дейді. Енді біз мекемеден артында қалған үш балаға баспана алып беруін, анасының айлығын балалар ер жеткенше төлеп тұруын талап етеміз», - деді марқұм келіншектің әпкесі Қаламқас Ағытаева.
Тазалық компаниясындағылар болған жайтқа қатысты еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Гүлден Ағытаева біздің мекемеде өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жасады. Еңбек келісімшарты бар. Жұмысшы болып еңбек етті. Негізі жұмысшыларға қауіпсіздік техникасын сақтау туралы үнемі айтамыз. Қауіпсіздік талаптары бойынша, манипулятор жұмыс істеп жатқан аумақта адам болмауы керек. Марқұмның отбасына міндетті түрде материалдық көмек көрсетеміз. Құжаттарды сақтандыру компаниясына жолдадық. Одан бөлек жерлеу рәсімінің шығындарын көтереміз», - деді компания директорының орынбасары Эльмира Тәңірбергенова.
Қайтыс болған жұмысшы келіншектің артында үш баласы қалды. Үлкені колледжде білім алады, кенжесі 7-сыныпта оқиды. Отағасы да қайтыс болған.