Bugin

Бас прокурор: Мәсімов пен Садықұлов ҰҚКД ғимаратын тастап кету туралы бұйрық берген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздің комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловтың Ұлттық қауіпсіздік қызметі департаменттерінің ғимараттарын тастап кету туралы бұйрық бергенін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

«Аймақтық құқық қорғау органдары басшыларының қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілеріне жеке тоқталып өтейін. Тәртіпсіздіктің ең қызған шағында Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы түгел дерлік өз ғимараттарын тастап кеткен.

Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Садықұловтан жеке құрамның ғимараттан шығуға дайындығы туралы жазбаша бұйрық келіп түскен. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысындағы ҰҚК ғимараттары қалдырылды. Сондай-ақ басшылықтың пәрменімен Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттары қараусыз қалды», - деді Асылов Мәжіліс отырысында.

Ол бұл басшылардың әлсіздік танытқанын мәлімдеді.

«Нәтижесінде тәртіпсіздікті басу үшін дер кезінде шаралар қабылданбады. Алматы мен Талдықорған екі күн бойы толығымен қарулы қарақшылардың қолында болды. Олардың қолына тұтас арсенал түсті. Яғни, осы басшылардың кінәсінен қаскөйлер ең қауіпті винтовкалы қаруды иемденді», - деп түсіндірді Асылов.

Ол 2 мыңға жуық қарудың қайда екені әлі белгісіз екенін айтты.

«Арнайы прокурорлардың қызмет өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша тергеу аяқталды. ҰҚК үш облыс департаментінің, Алматы облысының полиция департаментінің бұрынғы басшыларына және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді. Сот процестері жүріп жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесін және жазалау шарасын сот анықтайды», - деп қорытындылады ол.