Bugin
«Қаңтар оқиғасы кезінде басы кесілгендер болған жоқ». 5 қаңтарда мәжіліс қабырғасында журналистердің сұрақтарына жауап берген бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы azattyq.org сайтына сілтеме жасап.
«Қаңтар оқиғасы басталған кезде әртүрлі ақпараттар шықты. Арасында жалған ақпарат та болды. Сегіз қалада көп ғимарат жанып жатты, әкімдіктер өртеніп жатты. Әртүрлі дереккөзден әртүрлі ақпараттар түсті. Арасында дұрыс емес мәліметтер де болды. Сол себепті біз басы кесілгендер туралы ақпаратты тексердік. Бірақ ондай тұлғаларды таппадық. Тергеу барысында толық тексердік, бірақ ондай фактіні таппадық», - деді ол.
Былтыр жыл басында «басы кесілгендер» туралы ақпаратты сол кезде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Рустам Әбдірахманов та растамаған еді.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін Қазақстан билігі «басы кесілген» оқиға құрбандары жөнінде ақпарат таратқан. 10 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ отырысында «басы кесілген» күштік құрылым өкілдері туралы мәлімдеген. 6 қаңтарда «Қазақпарат» агенттігі Алматыда «басы кесілген екі полицейдің денесі табылғанын» жазды. Ресейдің кремльшіл ақпарат құралдары да мемлекеттік «Хабар» телеарнасына сүйене отырып, басы кесілген құқық қорғау орган қызметкерлерінің мәйіті табылғанын хабарлаған.
Былтыр қаңтарда Тоқаевтың «Алматыға 20 мың террористің шабуылдағаны» туралы Twitter әлеуметтік желісіндегі жазбасы жоғалып кеткен. Ізінше билік мұны жоққа шығарды. Маусым айында 20 мың террорист жайлы мәлімдемесіне түсініктеме берген Тоқаев: «20 мыңға қатысты, бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары берген» деген еді.