Bugin
Шығыс Қазақстан облысында боранда қалған 12 ресейлік эвакуацияланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, республикалық маңызы бар «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» тасжолының Шемонаиха ауданындағы учаскесінде ақтүтек боран салдарынан 12 адам жолда қалған.
«Хабар түсе салысымен, оларға көмекке жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» автокөлігімен жетті. 12 ресейлік, оның ішінде 2 бала қауіпсіз жерге көшірілді» делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта шетелдіктер Шемонаиха қаласындағы қонақ үйге орналастырылды. Онда жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
Осы сәтте өңірде 15 тасжол жабық күйінде қалып отыр. Құтқарушылар азаматтардан ауа райы тұрақтанғанша алыс сапарға шықпау керегін ескертеді.
Видеоны мына сілтеме арқылы көре аласыз.