Bugin

Танымал спортшы ММА-ден кететінін мәлімдеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жеңіл салмақтағы бұрынғы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов ММА индустриясынан кететінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Спортшы Instagram желісіндегі парақшасында жекпе-жек әлемінен кетіп жатқанын айтқан басылымға репост жасады.

"Хабиб ММА индустриясын тастап жатыр. Бұл оның жаттықтырушылық мансабына және ММА-ға қатысты барлық нәрсеге қатысты. Мұның себебі Хабибтің отбасына уақыт бөлгісі келетіндігі", - делінген жазбада.

Бұған дейін Нурмагомедов командасымен кездесу өткізіп, одан кейін бірлескен суретін жариялап, пікір қалдырған еді.

"Жыл қорытындысы шығарылды. Жыл, әрине, түрлі оқиғаға толы және табысты болды. Өздеріңізді сақтаңыздар, ағайындар! Менің шешімім тек пайда әкеледі деп үміттенемін, бәріңізді қатты құшақтадым! Спорттағы жетістіктеріме үлкен себепкер болдыңыздар, рахмет», - деген ол жазбасында.

Белгілі ресейлік күрескер Магомед Исмаиловтың жаттықтырушысы әрі ағасы Рамазан Исмаиловтың айтуынша, Хабибтің шешіміне Дубайда жолыққан әйгілі ислам уағызшысы Закир Наикпен кездесуі әсер етуі мүмкін.

"Онымен болған әңгіме әсер етуі мүмкін еді. Бірақ мен мұндай нәтижеге сенбеймін. Оның лигасы бар, алдында маңызды жекпе-жек күтіп тұрған Ислам Махачев бар. Мұны қалай қалдыруға болады?" - дейді Исмаилов MMA.Metaratings.ru басылымында.

34 жастағы Хабиб Нурмагомедов UFC-де 2012 жылдан бері  бар және промоушенмен 13 жекпе-жек өткізіп, 13 жеңіске жетті. 2020 жылдың 24 қазанында америкалық Джастин Гетжиді жеңгеннен кейін Нурмагомедов мансабын аяқтайтынын жариялады. Жалпы алғанда, боксшы ММА ережелері бойынша 29 жекпе-жекте 29 жеңіске жетті.

Хабиб мансабын аяқтағаннан кейін бапкерлік қызметке кірісті. Оның жетекшілігімен отандасы Ислам Махачев 2022 жылы жеңіл салмақта UFC чемпионы атанса, оның туысы Усман Нурмагомедов сол салмақта Bellator белбеуін жеңіп алды.