Bugin

«50 млн теңгемен ұсталған»: Ақша бопсалаған белгілі журналист құрықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Журналист Тоқберген Әбиев жалған мәлімет таратып, шенеуніктер мен кәсіпкерлерден ақша бопсалаған деген күдікке ілінді. Бұл туралы Антикор мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Тоқберген Әбиевтің БАҚ-та зиянды мәліметтерді тарату және өзінің Youtube-арнасында шындыққа сәйкес келмейтін бейнежазбаларды жою үшін кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша бопсалады деген күдікпен қылмыстық әрекетінің жолын кесті» делінген хабарламада.

2022 жылғы 14 желтоқсанда Әбиев 50 млн теңгемен ұсталып, соттың санкциясымен 2 айға қамауға алынды.

Сондай-ақ Әбиев мемлекеттік органдар қызметкерлері мен азаматтарды адастыру үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті» компаниясын құрып, заңды тұлға болып тіркелген.

«Ол аталған ұйымның басшысы және билік өкілі болып көрініп, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарынан өзінің жеке мүддесі үшін іс-әрекеттер жасауды, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіпті бұзып, ақпарат пен материалдар беруді талап еткен. Абиев тек өз мүддесін ойлап, ақша үшін жеке тұлғаларға өзі құрған ұйымның қызметтік куәліктерін беріп, оларды алдаған. Алайда Әбиевтің құқық қорғау органдарының жұмысымен ешқандай байланысы болмаған» деп жазылған хабарламада.

Енді оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы туралы ақпарат тексеріледі.

«Әбиевтің осындай фактілерге қатысы бар болса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке (1424) хабарласуыңызды сұраймыз», – деп мәлімдеді ведомство.