Bugin

Екі ай комада жатқан ана есін жиды: Дәрігерлер қандай ерлік жасады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкентте дәрігерлер екі айға жуық реанимацияда жатқан жүкті әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Шымкент қаласы денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іші қатты ауырған жүкті әйелді дәрігерлер толық медициналық тексеруден өткізіп, жедел операция бөліміне ауыстырған.

Операция кезінде босанған әйелден гангренозды аппендицитті анықтап, хирургиялық жолмен алып тастаған. Ішінде шаранасы бар әйелдің ауруы отадан кейін асқынған. Себебі пациентте аппендициттен бөлек, екі жақты пневмония, тері бүйрек-бауыр зақымдануы, созылмалы бүйрек аурулары болған. Бұған қоса, науқасқа дәрігерлер «жүйелі қызыл жегі»  диагнозын қойған.

Созылмалы аурулары асқынған соң, науқастың күннен-күнге жағдайы нашарлаған. Екі адамның өмірі үшін күрескен дәрігерлер тәулік бойы жансақтау бөлімінде медициналық көмек көрсетіп, бірнеше рет білікті мамандардың қатысуымен консилиум өткізген. Ауыр халдегі науқасты дәрігерлер ИВЛ аппаратына қосқан.

«2 қаңтарда жүктіліктің 24-25 апталығында әйелдің толғағы басталып, дәрігерлер оны мерзімінен бұрын босандырып алды. Дүниеге келген ұл баланың салмағы  –  685 грамм. Ауыр халдегі сәби қалалық перинаталдық орталықтағы балаларға арналған жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер шала туған нәрестеге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жатыр.

Босанған әйелдің жағдайы бүгінде жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауысты. Қазір жағдайы тұрақты. Денсаулығы жақсарған жас ананы дәрігерлер осы апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр» делінген хабарламада.