Bugin

Дәурен Қуат: «Билік бізді орыспен қорқытып отыр»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат Қазақ елінің сыртқы геосаяси ахуалы мен билікке қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Адырна» сайтына сілтеме жасап.

Жазушының пайымдауынша, сыртқы саяси күштердің қазаққа ықпалы - алып-қашпа әңгіме ғана. Қазақ еліне дәл қазіргі уақытта ұлтттық бірегейлік пен ұлттық рухты нығайтуға күш салу қажет.

«Билік бізді орыспен қорқытатын. Әлі де қорқытып, қосүрейлі қылып отыр. Орыс бізді қытаймен қорқытып келеді.

Орыстың қазақты қорқытатын «бүжәйі» бір қытай емес. Ауғанстан. Талибан билігі. Қала берді — АҚШ пен Батыс. Қазақстан батыстанып кетсе, құриды-мыс, елдік нышанынан тұтас ада болады... Қытай бізді қара нөпір халқымен, ықтимал экспанциясымен үрейлендіруде.

... Жалпы мұның бәрін жоққа шығаруға әсте болмайды. Бірақ бәрінен қорқа берсең — құтың қашады. Ең дұрысы — фобиясыз ел болу. Саясаткерлеріміз бастап, бәріміз жұрттың үрейін ұшыра бермей, ұлттың рухын оятатын іске ұмтылсақ қайтеді осы?..» - деп ой толғады жазушы.

Жазушының көзқарасына қатысты пікір білдіргендер көп.

«Сол фобияны жасау биліктің елді алдаусыратып, уақыт ұтуы үшін жарап тұр. Болмаса, бүгінгі геосаясатты зерделесек, батыл қадамдарға баратын қанша орайдан айрылып жатырмыз. Демек, осы ахуал билік үшін, дақпыртты үдертіп, үрлей түсіп, оны өз мүдделеріне жаратуға керек»;

«Ой, бауырым ау, соны айтып келеміз ғой жылдар бойы билікке, әртүрлі сөзбен... Өзіңдей парасатты адамдар, зиялы қауымға рух беріп, оятып, жан жақтан сөз айта бастасақ, бұларды да бір жаққа шығарарымыз анық»;

«Картаға қарасақ, 2,5 - 3,5 млн халқы бар мемлекеттер де ешкімге бас имей, әлемдік қолдауға ие болып отыр. Біз де солар сияқты ешкімге жалтақтамай өз күнімізді өзіміз көруіміз керек. Кішкентай Финлияндия елінің халқы да кезінде қасқайып қарсы тұрған өркөкірек кеңес әскеріне. Қазір сол Финляндия НАТО-ға мүше болды. Экономикасы дамып кетті. Тіпті, Украинаға қарау-жарақпен көмектесіп жатыр.

Біздің Үкімет те Украина майданында қолданылып, сынақтан өткен әлемдік соғыс қару-жарақтарымен әскерімізді қамтамасыз етуі керек. Орыстың керзі етігі мен пимасын, телогрейкасын, фуфайка, бушалаттарын да лақтырып тастайтын кез келді. Әскеріміздің киімдері мен қару-жарақтары америкалық әскерилері үлгісінде қайта жарақтандырылуы керек»;

«Халық қозғалмай билік қозғалмайды, бұл анық»;

«Бəрі дұрыс. Ең бастысы - қазақтың санын көбейту керек», - деп жазды оқырмандар.