Bugin
Қарағанды қаласында 16 қабатты тұрғын үйде газ жарылды. Қазір адамдарды құтқару және эвакуациялау жүріп жатыр. Бұл туралы Bugin.kz порталы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның хабарлауынша, кезекшілік бөліміне 10 қаңтар күні сағат 21:29-да Республика даңғылы, 18/2 мекенжайында өрт болып жатқаны туралы хабар түскен. 16 қабатты, 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатында жарылыс болып, өрт шыққан.
«Оқиға орнын тексеру барысында үш адамның денесі табылған. Болжам бойынша олар екі ер адам мен бір әйел екені анықталды. ТЖД күштерінің көмегімен 11 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала бар» делінген хабарламада.
Оқиға орнына ТЖД 88 қызметкері және бөлімшелерінің 23 техникасы жұмылдырылды. Тұрғындарды жылыту үшін ТЖД 3 вахталық көлігі тартылды.
Сағат 22:55-де өрт оқшауланды. Облыс әкімдігі эвакуацияланған адамдарды қонақүйлерге жеткізумен айналысып жатыр.