Bugin
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2023 жылы көкөніс пен қанттың маусымаралық тапшылығын қалай тежейтінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз былтырғы қателіктерді ескере отырып, бағаны көтеретін ең маңызды деген мәселелерді анықтадық. Біріншіден, қыс пен көктемде, маусым айында көкөністердің мәселесі туындайды. Әсіресе картоп, пияз, қырыққабат және сәбізбен қамтамасыз ету қажет болады. Аталған көкөністердің қазіргі қоры наурыз айының аяғына дейін жетеді. Біз оны дұрыс сақтап үйрендік. Қазір барлық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар «айналым схемасы» аясында өндірушілермен келісімшартқа отырды. Ал сәуір, мамыр айларында не істейміз? Шетелге барып, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан өндірушілерімен келісімшартқа отырдық. Ендігі қадам жергілікті атқарушы органдардікі. Олар қаражат аударуы керек. Біздің ойымызша, осы схема сауда желілері арқылы «B2B» моделінде атқарылуы керек», - деді ол ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін.
Сондай-ақ министрлік биыл жылдағыдай картоп тапшылығы болмау үшін Пәкістан өндірушілерімен алдын ала келісімшарт жасалғанын мәлім етті.
«Мысалы, қаңтарда Пәкістан бізді күтіп отыр. Қазір оларда біздегі жаз сияқты климат тұр. Яғни, жеміс піскен шақ. Баға анықталады, сол бағамен келісімшартқа отыру керек. Тәжікстанда да осыған ұқсас жағдай. Өзбекстанда енді 1-2 айдан кейін өнім піседі. Сонда басты мақсатымыз – осы келісімшарттар аясында маусымаралық тапшылық тудырмау», - деді ол.
БАҚ өкілдері биыл аталған өнімдердің тапшылығы болмайтынына кепілдік бар ма деген сауал қойды.
«Биыл тапшылық болмайды деп ешқандай уәде бере алмаймын. Өйткені ол нақты жағдайға байланысты. Қазіргі таңда күнде бірдеме өзгеріп жатыр. Құдай қаласа, дағдарыстар болмаса, әрине тапшылық болмайды деп уәде береміз. Себебі біз дайынбыз – бүкіл келісімшарттар дайын, қаражат бөлінген. Енді жергілікті атқарушы органдардың шешімін күтіп отырмыз. Шешімі дұрыс болса, қаражат болады. Тек шетелден ерте пісетін көкеністер әкелу ғана қалады. Бұл маңызды мәселе. Ал қант мәселесі шешілді деп есептеймін. Жүйе дайын, құрылым дайын. Өзіміздің зауыттарымызды шикізатпен қамтамасыз ету қалды. 400-450 мың тонна қант құрағын өңдеуге мүмкіндіктері бар. Соның есебінен қант импортына тәуелділік азаяды», - деді Серік Жұманғарин.