Саясат

Шынымен «Тәуелсіздіктен» айрылғанымыз ба?!

Ұсыныс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

...Әрине, Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасын ұлықтау жөнінде ұсыныс жасағанымен, «Қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін тәрк етіп,  Тәуелсіздікті жоққа шығарыңдар!»  – деген жоқ қой.

Солай бола тұра, «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратын әкімдер  біршама облыс орталықтарында қазақтың ұлы тұлғаларының аты қойылған  көшелер мен даңғылдардың атауларын, Павлодарда Тәуелсіздік даңғылының атауын «Нұрсұлтан Назарбаевқа» өзгертіп жіберді!

Нешеме жылдар бойы алысып жүріп, "Кутузов" көшесін "Тәуелсіздік" даңғылы деп қайта атауға зорға қол жеткізіп едік! Енді, шынымен, «Тәуелсіздіктен» айрылғанымыз ба?!

Бір түсініксіз жайт, Астана қаласының атауы өзгереді де, Павлодардағы  орталық көшелердің бірі Астана көшесінің атауы сақталынып қалады... Дәл сондай ұзын  әрі кең орталық көшелердің бірі Лермонтов бәз-баяғы қалпында тұр!.. 

Тәуелсіздік даңғылының атауын өзгерткенше Павлодар қаласын Нұрқала деп қайта атау әлдеқайда дұрыс болар еді! Павел патшазаданың есімін құрметтеуден гөрі Елбасының атын әспеттеу мейлінше абзал іс қой!

Біздің бұл уәжіміз бен ұсынысымыз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға жетеді деген үміттеміз.

Арман ҚАНИ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Павлодар қаласының құрметті азаматы.

Ұлт ақпарат