БІЛІМ
Ұлттық тестілеу орталығы 2023 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңашылдығын түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Биыл ҰБТ форматында ерекшеліктер жоқ. Оқуға түсушілер ҰБТ-ны 5 пәннен (3 міндетті + 2 бейіндік) тапсырады.
Бүкіл тест тапсырмасының саны – 120, ең жоғары балл – 140.
Тестілеудің жалпы уақыты: 4 сағат (240 минут).
Алайда тест тапсырмаларының құрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында бірнеше маңызды шешім қабылданып, өзгерістер енгізілген.
Олардың негізгілері мыналар:
- «Қазақстан тарихы» пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы (20 балл) болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары, 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген тапсырмалар (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).
- Ал «Оқу сауатынан» талапкерлерге 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы (15 балл) беріледі.
- Дистракторлар (жауап нұсқалары) саны азайды.
- Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмасында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) 8-ден 6-ға дейін азайтылды.
Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» бағдарламаларына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.