Кореяға жұмыс істеуге кеткен қазақ қызы табылмай жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз бір жарым жылдан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы алғашқы кезде анасымен тұрақты хабарласып тұрған. Тапқан табысын жіберіп отырған. Енді қызынан хабар ала алмай жүргенін айтады.

ШҚО тумасы Альбина Кабдулдина есепші мамандығын меңгеріп, сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеді. Жолдасы қайтыс болып, 13 жастағы жалғыз қызымен қалады. Анасына баспана алып бермек ниетпен табысы көп жұмыс іздейді. Осы мақсатта 2019 жылы Кореяға кетеді.

«Үнемі байланыста болды. Бір емес, екі рет шығатын. Жұмыс орнын көрсететін. Қайда істеп жатқанын, зауыттарын көрсететін. Пандемия уақытында визасымен мәселе болды. Сол кезде шыға алмай қалдым деді. Бірақ бастықтары керек затты әкеп береді деді. Пусан, Сеул деген қалаларды ауыстырып отырды жұмыс табу үшін. Үйге қайт дегенде: мам, үйге барғанда не істеймін? Табыс жоқ. Әйтеуір, келгеннен кейін бірдеңесін жинап, теріп, мүмкін бірдеңе аламыз деп, сондай ниетпен кетті ғой», – дейді қыздың анасы Айгүл Болсаева.

35 жастағы Альбинамен байланыс 2021 жылдың 13 маусымында үзілді. Өзін қоярға жер таппаған ана қызын тауып беремін деген айлакерлерге тап болып, 10 миллионға жуық ақша берген.

«Міне, 1 жарым жыл болды. Қайда екенін білмеймін. Барлық мүмкіндікті жасадық. Дүниенің ақшасын жібердік. Бір әйел болысамын деп, көп ақшаға «отырғызып» кетті. Сөйтсе, алаяқ боп шықты. Енді білмеймін, кімге сенуге болады? Қалай іздеуге болады? Мен білмеймін...» – дейді Айгүл Болсаева.

Анасының баспаған табалдырығы, ашпаған есігі қалмады. Заңсыз мигранттардың құқығын қорғайтын «Корея көмек» қайырымдылық қорының мүшесі Самат Ахметов те отандасымызды іздеуге атсалысып келеді.

«Альбина деген қарындасымызды да ҚР Оңтүстік Кореядағы елшілігі өте жақсы көмектесіп, барлық жерге ақпараттарды таратып, тергеу және құқық қорғау органдарымен 3-4 рет кездесу өткізді. Біздің өзіміз Альбинаның мамасымен тікелей байланыс орнатып, Кореяның 72 мәйітханасына барып, өлгендердің арасында бәлкім бар шығар деп, алайда өлгендердің қатарында да, миграциялық бөлімге, түрмеге түскендердің қатарында қарындасымыздың тізімі әлі анықталған жоқ», – дейді «Корея көмек» қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов.

Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 37 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 11 мыңы – заңсыз мигрант. Жылына сол елде із-түссіз жоғалатын жергілікті және шетел азаматтардың саны 11 мыңнан асады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61