Bugin

«Спортмастердің» кесірінен»: 260 мың қазақстандықтың жеке мәліметі желіге тарап кеткен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Спортмастердің» деректер базасы қолды болғанынан ТМД елдерінде спорт тауарларын сататын дүкендер желісі тұтынушыларының жеке дерегі желіге тарап кеткен. Оның ішінде 260 мың қазақстандық та бар.

Мемлекеттік техникалық қызметінің мәліметінше, дүкендер желісінен 2012-2018 жылдар аралығында тауар алған қазақстандықтардың аты-жөні, туған күні, телефон нөмірі мен электронды поштасы жалпақ жұртқа жария болған.

«Спортмастер» компаниясы деректер базасындағы мәліметтерді мердігерлердің бірі таратып жіберуі мүмкін деп отыр. Алайда олар клиенттердің логині мен паролі, төлем картасына қатысты ақпаратына қауіп төнбегенін жеткізді.

Қазір компания ішкі тергеуді бастаған. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары жеке азаматтардың басына қатысты дербес деректер үшінші қолға өтіп, соның салдарынан кәнігі алаяқтар арам ойын жүзеге асыруы мүмкін дейді. Сондықтан тізімде бар отандастарымызды сақ болып, күмәнді СМС-хабарлама мен сілтемені ашпауға шақырады.

«Егер сізге «бір миллион теңге ұтып алдыңыз» дегендей фишинг хат келсе, ол сілтемеге өтпеңіз немесе ол файлды ашпаңыз. Егер сізге банктен немесе ішкі істер органдарынан біреу хабарласса, қандай мәлімет беріп жатқаныңызға мұқият болыңыз.

Өйткені, осы мәлімет кейін қолданылып, банк шоттарыңыздан ақша алынуы немесе сіздің атыңыздан несие алуы мүмкін. Көбінесе алаяқтар Қазақстанда емес, шетелдерде жұмыс істеп жатыр», - дейді TSARKA компаниясының кибер-саясат жөніндегі маманы Әмірсейіт Айтжанұлы.