Bugin
Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымы 2023 жылғы дүниежүзілік баяндамасында қазақстандық оппозиция белсендісі Жанболат Мамайды қылмыстық қудалау туралы жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Ақпан айында тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай қаңтар айындағы оқиғаларға байланысты қамауға алынды. Маусымда оған қаңтар айындағы наразылықтар кезінде жалған ақпарат таратып, тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айып тағылды. 2 қарашада, соңғы екі айыптау қайта қаралып, алынып тасталғаннан кейін бір аптадан соң Мамайды бұлтартпау шарасы үй қамағына ауыстырылды», – деп хабарлайды HRW ұйымы.
Бұдан басқа, баяндамада Еуропарламенттің Адам құқықтары жөніндегі кіші комитеті делегациясының Қазақстанға келуі туралы да жазылған.
«Делегация мүшелері билікті саяси және азаматтық белсенділерді қудалауды тоқтатуға және Жанболат Мамайды босатуға шақырды» делінген баяндамада.
Естеріңізге салсақ, Жанболат Мамайға «билік өкілін қорлады» және «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды» деген айыптар тағылған.
Мамайды тұтқындау тарихы баяндаманың «Азаматтық қоғам» бөліміне енген.