Bugin

Халықаралық іздеуде жүрген пәтер тонайтындар ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жамбылдық жігіттер Алматының Алмалы және Бостандық аудандарында пәтер тонаумен айналысқан. Одан бөлек 10 ұрлыққа қатысы бары анықталды.

«Қаскөйлер аулаларда серуендеген сыңай танытып, көпқабатты үйлердің терезелері мен кіреберістерін аңдыған. Осылайша үй иелерінің бар-жоғын тексереді. Сосын құлыпты бұзу арқылы үй есігін ашып, құнды заттарды қолды еткен. Бұл - қолма-қол ақша, шағын техника, әртүрлі зергерлік бұйым. Біреуі бөтен адамның үйінде иелік етіп жүргенде, екіншісі көлікте күтіп отырған», - дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Қуатбек Науатов.

Бостандық аудандық ПБ КПБ арнайы тобының қызметкерлері және полицияның арнайы жасағының көмегімен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1996 жылы туған С. есімді азамат пен оның серігі 2000 жылғы С. есімді азамат ұсталды. Күдіктілер заттай айғақтардың көзін жойып үлгермеген.

Қазір «қылмыстық дуэттің» мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Ұсталғандардың бірі – еліміздің басқа да аймақтарында бірқатар ұрлық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған адам. Қазір екеуінің де жалпы қала аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - деді Қуатбек Науатов.