Bugin

Жамбылда жұмбақ жағдайда жоғалған 2 жасар бала табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жамбыл облысының Қаратау қаласында анасы үйде жоқ кезде ғайып болған бала табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

15 қаңтарда Қаратау қаласының полициясына 2 жасар баланың жоғалып кеткені туралы хабар түскен. Баланың анасы оны әжесімен қалдырып, дүкенге кетеді, ал қайтып оралғанда оны үйінен таппай қалған. Осы дерекке қатысты ҚР қылмыстық кодексі 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша (адам ұрлау) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жамбыл облысы полиция департаментінің басшылығы баланы табу үшін шұғыл Қаратауға барды.

«Қоңырау түскеннен кейін баланы іздей бастадық. 80 полиция қызметкері, 50-ден астам ерікті және ауданның жанашыр тұрғындары жұмылдырылды. Біз қаланың әр бұрышын аралап, барлық люктерді қарап, жертөлелер мен үйлердің шатырын сүзіп шықтық. Біз үшін ең бастысы – баланы аман-сау табу болды», – дейді Талас аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспектор, полиция капитаны Жанғали Көпжасаров.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бала мешіттен табылып, Талас ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Денесінде ешқандай жарақат немесе гипотермия белгілері жоқ.

Кейін белгілі болғандай, үйде анасы жоқ кезде әжесінің таныстары пәтерге келіп, алкоголь іше бастаған. Баланың қатты жылағанын естіген пәтер қонақтарының бірі қатты мас күйінде оны көрпеге орап, жақын маңдағы мешітке апарған. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр.