Bugin
28 жастағы жігітті зорлағандар ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
#Немолчикз қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, 28 жастағы жәбірленуші өзін Жандос деп таныстырған жігіттің алдауына түсіп қалған. Оның шақыртуымен үйіне барады. Бірақ ол жерге тағы екі бөтен адам келіп, бірден зорлық-зомбылық жасап, қорқыта бастаған. Жігіттен 500 мың теңге талап еткен. Кейін төбелес басталғанымен, оның күші жетпеген. Соңында өлтіретіндерін айтып қорқытқан.
Таңсәрінің айтуынша, қатыгездіктің себебі гомофобия болуы мүмкін. Жігіттер жәбірленушіге шариғат нормалары бойынша өмір сүру керек екенін айтып, мұсылмандарды масқаралады деп кінәлаған.
Зорлық әрекеттерінен кейін жігіттер ер адамның банк картасынан 100 мың теңге алдырған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні бопсалау мақсатында видеоға да түсіріп алған.
Бұл дерек ҚР қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Осы қылмысты ашу мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Қылмыстың мән-жайы мен орны анықталды.
«Күдіктілер бірден ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталғандар - 2001 және 2003 жылы туғандар. Олардың Алматыда тұрақты жұмысы жоқ» делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция қылмыстық іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалғанын атап өтті.