Саясат
Қазақстанға Ұлыбританиядан Қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамайды қылмыстық қудалау ісін тергеу бойынша комиссия келді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл туралы тіркелмеген демпартия жетекшісі Жанболат Мамайдың зайыбы, журналист Инга Иманбай желідегі парақшасында мәлім етті.
«Бүгін Алматыға Қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамайды қылмыстық қудалау ісін тергеу бойынша Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Кен Макдональд (Lord Macdonald KT KC of River Glaven) бастаған комиссия өкілдері келді. Комиссия құрамында халықаралық құқықтық көмек көрсету компаниясы Bindmans LLP жетекшісі Тайаб Али мен басқа да арнайы мамандар да келіп жетті. Бірнеше күннен кейін Алматыға комиссияның тағы бір мүшесі - Ұлыбритания парламент депутаты сэр Роберт Бакленд те ат басын бұрмақ», – деп жазды ол.
Журналистің айтуынша, бірнеше күннің ішінде комиссия мүшелері Қаңтар оқиғасына қатысушылармен, азаптау құрбандарымен, қасіретті күндері туған-туысынан айрылғандармен және бірқатар құқық қорғаушылармен, журналистермен де кездеспек. Сондай-ақ олар қазіргі уақытта үйқамақта отырған Жанболат Мамаймен де кездесуді жоспарлауда. Бұған байланысты Мамай тарабы сотқа арнайы қағазды да жолдаған.
“Қазақстанға Ұлыбритания парламенті депутаттары құрған қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамай ісін тергеу бойынша Комиссияның келуі халықаралық қауымдастық еліміздегі жаппай адам құқығын бұзу жағдайларына көзжұмбайлықпен қарамайды деген сөз. Біз Ұлыбританияда құрылған комиссия жұмысына жан-жақты көмек беруге әзірміз”, – деді Инга Иманбай.