Bugin
Алматының шетіндегі «Алтын орда» базарының бұрынғы басшылығына халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы Bugin.kz порталы Алматы облысы полициясына сілтеме жасап хабарлады.
Алматы облысы ішкі істер департаменті Қарасай аудандық ІІБ криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру жариялағанын хабарлады:
Былтыр көктемде әлеуметтік желіде «Алтын орда» базарының бастығы делінетін Данияр Әбдіғапаровтың видеосы тараған еді. Видеода ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, «базарды рейдерлік жолмен тартып алып жатыр» деген.
Былтыр ақпанда президент Тоқаев «Алтын орда» базарында тәртіп орнатуды тапсырған еді.
«Бұл жер пайдакүнемдерге нағыз майшелпекке айналды. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органы өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін», – деген Тоқаев.
Ақпарат құралдары 2021 жылы қарашада базарды жабу туралы сот шешімі шыққанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, салық органдары сотқа «Алтын орда базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жою керек деп шағым түсірген. Оған базар басшыларының салық міндеттемелерін орындамауы түрткі болған. Сот шағымды қанағаттандырып, шешім күшіне енген.
Exclusive.kz сайты 2012 жылы құрылған «Алтын орда» базарының жылдар бойы мүлде салық төлемегенін жазады. Сайт базар басшысының бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевпен бірге ортақ бизнесі бар дейді.
Алайда Болат Назарбаев бұл мәселе жөнінде ешқандай түсініктеме берген жоқ.