Bugin

Қаңтар кезіндегі азаптау: Алматыда үш полицейге үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтарды азаптаған полицейлерге үкім шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бұл туралы Алматы сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

Анықталғандай, Бостандық ауданы №2 сотында азаптау фактісі бойынша Х., Б. және Қ. атты полицейлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралған (Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы).

«Былтыр қаңтарда көлікті заңсыз иемденді деген күдікпен Р. атты азамат полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қ. атты полицей Р.-ны одан әрі тергеп-тексеру үшін Б және Х. атты полиция қызметкерлеріне тапсырды. Б. және Х. Р.-ны тәртіпсіздікке қатысты деп есептеген. Олар зардап шеккен әріптестері үшін кек алу мақсатында Р.-ға физикалық қысым көрсетіп, күш қолданып, азаптады. Қ. әріптестерінің қылмыс жасағанын біле тұра, оны басшылыққа жеткізбеді», - делінген сот хабарламасында.

Шешім қабылдау кезінде Б-ның балалары барын ескеріліпті.

«Сот үкімімен Б. және Х. атты сотталушылар Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, оларға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы Қ. Қылмыстық кодекстің 370-бабы 2-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды әрі бас бостандығы 1,6 жылға шектелді», - деп жазылған хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.