Bugin
Елімізде зейнетақы қорында жеткілікті қаржы жиналмаған 325 мың әйел бар. Оларға арналған «Күміс жас» бағдарламасы бойынша бүгінде 50-ден асқандарға тек қара жұмыс ұсынылуда.
Онсызда зейнет жасына тақаған аналар амалсыздан еден жуушы мен аула тазалаушы болып істеуге мәжбүр екендерін айтады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Астанадан 80 шақырым жердегі Шортандыда тұратын 52 жастағы Бақытнұр Қалтайқызы жан бағу үшін бес балаын тастап елордаға көшкен екен. Жұбайы екеуі қазір пәтер жалдап күнелтуде. Ақ жаулықты ана елу жастан кейін ешқайда қызметке алмаған соң таңғы сағат бестен бастап көшені қар мен мұздан тазалауға мәжбүр.
«Бізді елуден кейін ешкім жұмысқа алмайды. Бірден жасыңды сұрайды, «елудемін» десең ойланып қалады. Өзім Шортандыда тұрамын. Шортандыда тіркелгенмін, үйім сол жақта. Онда жұмыс жоқ болған соң, елордада нан табу үшін жүрмін»,- деді аула сыпырушысы Бақытнұр Қалтайқызы.
Мәжілісмен Аманжан Жамалов «Күміс жас» жобасының шикі тұсының көп екенін мінберлерде жиі көтеретінін айтады. Себебі платформада жасы елуден асып, онсыз да денсаулығы сыр берген азаматшаларға тек қара жұмыс ұсынылады екен. Бос вакансиялар тізбегінде тек еден жуушы, қар күреуші болмаса көмір тасушы сияқты жұмыстар бар.
«Бүгінгі әйелдер жұмыс таба алмайды. «Күміс жас» бағдарламасы арқылы ұсынылған жұмыстар әйелдердің көңілінен шықпайды. Оның ішінде тіпті күзетшінің жұмысын ұсынғандар да болыпты. Тазалаушы дегендей жұмыстарды үлкендер жасағысы келмейді. Дұрыс жұмыс тауып бере алмаса зейнетке ертерек шығуына мүмкіндік беру керек. Бұл мәселенің қалай болса да шешімін табу қажет»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.