Bugin
Қарағанды қаласында газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып, Bugin.kz порталы хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда сағат 18:51-де Қарағанды қаласы, Щорса көшесі, 37 мекенжайындағы 2 қабатты тұрғын үйде газ баллоны жанбай жатып жарылған. Газ баллонының көлемі 5 л болған.
«Одан кейін №6 пәтер (2-қабатта) мен жартылай №4, 5 (2 қабатта) және 3 пәтерде (1-қабатта) алдын ала алаңы 36 шаршы метр аумақта ағаш төбесі мен қалқалар опырылған. Салдарынан 1970 жылы туған ер адам мен 1971 жылы туған әйел адам дене жарақатын алып, күйік шалып, Қарағанды қаласының облыстық медицина орталығына жатқызылды. Оқиға орнына ТЖД күштері (36 қызметкер мен 8 техника) жұмылдырылған» делінген хабарламада.
Құтқарушылар құлау қаупі бар құрылыс бөлшектерін демонтаждау бойынша жұмыс жүргізді.
Қала әкімдігі подъезд тұрғындарына жатақханадағы орындарды ұсынды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.