Қоғам
Мьянмада құлдықтан босап шыққан Қазақстанның екі азаматы елге жеткізілді. Бұл туралы астанада өткен баспасөз мәслихатында сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Жақында еліміздің екі азаматы Қазақстанға жетті. Жұма күні туыстары хабарласып, Мьянмадағы компаниядан қашып шыққандары туралы айтты. Біздің консул дереу Таиландтың шекарасына барып, Мьянмадағы шағын қалашықтың шетінен оларды алып кетті. Осы орайда оларға қауіпсіз жерге жасырынуға нұсқау бердік. Өйткені аталған компания өкілдері оларды іздейтін болса, бұл азаматтарды дереу тауып алатыны анық еді. Жергілікті тұрғындар да осы компанияға көмектесуі мүмкін еді», - А. Смадияров.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары Бангкокке жеткізілгеннен кейін, олардың құжаттары рәсімделген. Көші-қон заңнамасын бұзу деректеріне қатысты айыппұлдары төленді.
«Сонымен қатар оларға Қатар арқылы әуе көлігімен ұшып келу үшін билет сатып алынып, кейін Алматыға жеткізілді», - деді ресми өкіл.
Бұған дейін Дубайға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық азаматтың жоғалып кеткені хабарланған. Қазбеков Исламбек 2022 жылдың қыркүйек айында Дубай қаласына жұмыс істеуге кеткен. Бірақ жыл соңына қарай Исламбек достарына бейтаныс адамдардың ықпалымен Тайландқа ауысқанын айтқан. Кейіннен Таиланд, Лаос, Мьянма елдерімен шектесетін «Золотой треугольник» деген жерге алданып келгенін жеткізген. Бірақ 27 желтоқсаннан бері байланысқа шықпаған еді.