Bugin
Әлеуметтік желіде Алматыда 22-нен 23 қаңтарға қараған түні Әл-Фараби даңғылында бір адам қаза тапқан жол апатының суреттері пайда болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Көлік қатты жылдамдықпен қоршауға соғылған.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 23 қаңтарда түнгі сағат 2-де болған. 1992 жылы туған KIA жүргізушісі Дулати көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, рульді басқара алмай, кедергіге соқтығысқан. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.
Тәртіп сақшылары қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша жол-көлік оқиғасын сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Полицейлер өткен тәулікте қалада адам өлімімен аяқталған екі жол апаты болғанын және 12 жол апатында адамдар зардап шеккенін атап өтті. Қалада барлығы 74 жол апаты орын алған.
Бұған дейін 22 қаңтар күні сағат 23:30-да Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған ірі жол апатынан үш адамның қаза тапқаны хабарланған.