Bugin

«Бұл жерде бір құпия бар»: Шекара бекетінде асылып қалған сарбаздың адвокаты мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жамбыл облысындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде суицид жасаған Бекбол Мираштың адвокаты Сержан Піралиев өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Экспресс К басылымына сілтеме жасап.

Өлген сарбазға қатысты жантүршігерлік деректі қоғамға жайып салғаны үшін «этиканы бұзды» деп айыпталған Сержан Піралиев өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол ақиқатты айтқаным үшін қысымға ұшырап отырмын дейді.

«Этиканы бұзған дәнеңем де жоқ. Ішкі істер министрлігі маған таза қысым көрсетіп отыр. Ол ақиқатты мен айтпасам басқа кім айтады?! Қылмыстық іс материалдарының құжаттарын мен ешкімге айтқан жоқпын. Тек ақиқатты ғана айттым. Ол жерде бірде-бір адамның аты-жөні аталған жоқ. Мен бұл қадамға не үшін бардым? Мен «Шөлдала» әскери шекара бөлімшесіндегі барлық әскери қызметкерлерге ДНК сараптама жасату туралы өтініш бердім. Соны қанағаттандырусыз қалдырды. Мұны жасауға не кедергі?! Жасай салмай ма?! 36 адамнан ДНК алып, зерттеп сот сараптамасын жасата салса болды ғой. Бірақ олай жасамай отыр. Бұл жерде бір құпия бар»,  - деді Сержан Піралиев.

Адвокат өзін айыптап отырғандарға қарсы арыз жазатынын айтты.

«Мен бүгін републикалық адвокаттар алқасына арыз жазамын. Өйткені маған таза қысым жасалып отыр. Әрбір сөзіме жауап бере аламын! Сот сараптамасының қорытындысы бойынша, өлген сарбаздың ауыз қуысы мен киімінен бірнеше адамға тиесілі ДНК табылды. Соларды анықтау қажет», — деді адвокат.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Жамбылдағы шекара бекетінде қаза тапқан сарбаз өліміне қатысты деректерді жария еткен адвокат Сержан Пралиев жауапқа тартылуы мүмкін екенін хабарлады. Адвокат бес адам арақ ішкенін мәлімдеп, сарбаз өлімне қатысты тың мәліметтерді жариялаған еді.