Қоғам
2022 жылы 19 тамызда Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің «Шөлдала» шекара бөлімінің атқорасында атыраулық қатардағы сарбаз 2004 жылы туған Бекбол Мираш шалбар белбеуіне асылған күйінде табылған еді. Осы іске айыпты ретінде 2022 жылдың 24 тамызында бөлім командирі Айбек Нұртаев қамауға алынды. Командирдің үстінен «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал оның адвокаты Сержан Пірәлиев сот-медициналық сараптамасынан кейін марқұмның ауыз қуысы мен іш киімінен өзіне тиесілі емес шәует (сперма) іздері табылғанын айтып, тың деректер жариялады. Алайда ішкі істер министрлігі бұл ісі үшін адвокаттың жауапқа тартылуы мүмкін екенін хабарлады. Осы ретте Bugin.kz тілшісі адвокат Сержан Пірәлиевпен сұхбаттасты.
- Өзіне қол жұмсаған сарбаздың ісіне қатысты тың ақпараттарды жариялаудағы мақсатыңыз не еді? Осы іс туралы тарқатып айтып берсеңіз.
Алғашында қызымен ұрсысып қалды деген нұсқа болды, ол дәлелденбеді. Мұны жанындағы жүргендері (сарбаздар - ред.) айтқан ғой. Ал екі күннен кейін оны командир ұрып-соққан деп басқаша сөйлеп отыр. Айтуларынша, бес адам бірге арақ ішкені үшін оларды командир ұрған. Содан кейін Бекболдың көңіл күйі түсіп, асылып қалыпты-мыс.
Өйткені қайтыс болған азаматтың киімін алып, биологиялық сараптама жасалынды. 24 қыркүйекте қорытындысын алдық. Сол кезде ауыз қуысы мен іш киімдерінен шәует табылған. Сот сараптамасының нәтижесінде «екі не одан да көп ер-азаматтың ДНК-сы анықталды» деп жазылып тұр. ДНК-сы табылған адамның тергеуде берген жауабы сенімсіз. «Моншаға барып, өз-өзімді қанағаттандырып, бір футболкаға сүрте салдым. Шәует содан қалып қойған» деп отыр. Сонда сол футболканы Мираш кие салғаны ма? Ақылға симайды ғой! Ал «іш киімде өзге адамның шәуеті қалай пайда болған?» десе, «біз киімдерімізді бір кір машинада жуамыз, сол кезде жұққан шығар» деп жауап берген. Осы жауапқа тергеушілер сеніп қалыпты. Жақсы, бұған сендік дейік. Сараптама нәтижесінде көрсетілгендей неге басқа адамдардың да ДНК-сын тексермейді? Бұлар жанында бірге жүрген, бірге борышын өтеуге келген жолдастары, достары ғой. Ал тергеушілер олардың берген жауабына қанағаттанып отыр.
Негізінде қорытынды жасалынуы керек еді. Балағат сөздерден, ұрып-соққаннан қайтыс болды ма, әлде жанындағылардың мына әрекетінен өз-өзіне қол салды ма? Егер «командирдің соққысынан» өлетін болса, жанындағы төртеуі де неге асылып қалмады? Негізінде тергеушілер сол кезде-ақ жанындағы ішімдік ішкен төртеуінің де киімдерін бірден тексеру керек еді.
-Яғни, сіздің қорғауыңыздағы сержант Айбек Нұртаевтың кінәсі жоқ болғаны ғой?
-Иә, командирдің ұрған-соққанына еш дәлел жоқ. Мәйіттің сот сараптамасында тек қана белбеудің ізі бар екені айтылған. Ешқандай соққының ізі анықталмаған, ешқандай дене жарақаты мен көгерген жері жоқ. Қазір жазықсыз адам қамауда отыр. Бұл оқиға кезінде Нұртаев кезекті демалысында болған. Бұл сарбаздарды өмірінде тек 4-5 рет қана көрген. Айбек Нұртаев жиырма жыл қызмет істеген. Осы уақытқа дейін бірде бір ескерту алмаған. Егер жауыз, қанішер болса, осы уақытқа дейін әйтеуір бір іспен ұсталар еді ғой. Төрт баласы бар әке. Темекі де шекпейді, арақ та ішпейді.
-Сіздің ойыңызша, құзырлы органдар неге бұл деректерді жоққа шығарғысы келеді?
-Мираштың асылып қалғаны жайлы хабар шыққанда, сарбаздың бірі 2 км қашықтағы постты тастап, жүгіріп келіп, бір телефонның тас-талқанын шығарған. Қызымен ұрсысып қалғаны үшін асылып қалды деген нұсқаны да сол айтқан. Ол марқұмның жанында жүрген жан жолдасы ғой... Тергеушілер әрі қарай қазбалап сұрай бастаған соң, «осылай сұрай берсеңдер, асылып өлемін» деп қорқытқан ғой. Ал жанындағы басқа жігіттер де осыны айтқан. Шәует марқұм сарбаздың бәтеңкесі мен шұлғауында жоқ, қалған жерінің бәрінен табылған. Бұл жігіттердің арасында сексуалдық зорлық-зомбылық болды ма, ойын болды ма, не екенін анықтау керек. Не себепті телефон жоғалып отыр?! Телефонда да видео, фото түріндегі деректердің болуы әбден мүмкін. Меніңше, кезекке шыққанында, марқұм сарбазға бұлар (жанындағы сарбаздар - ред.) сол түсіріп алғандарын көрсеткен. Жігіт содан намыстанған ғой... Мұны көрген соң, марқұм жігіт өлер алдында жарты сағат бұрын әкесі мен шешесіне, әпкесіне хабарласқан...
Ал тергеушілер «Артқы жағы таза, сексуалды зорлық болмады» деп қана айтып отыр. Сонда марқұмның аузынан, киімінен табылған шәуеттер нені білдіреді?!
Менің ашынатыным - кінәсіз адам қамауға алыну керек екен де, асылып қаламыз дегені үшін айыптылар жазасыз қалады екен. Сонда бұларға бір командирге бәрін жаба салған оңай болып тұрғаны ма? Тергеу бөлімі сексуалды зомбылық болуы мүмкін деген нұсқаға назар аударғысы келмей тұр деп ойлаймын. Қанша сараптаманы жоққа шығарып отыр. Мен прокурорға да, бас прокурорға да өтінішімді жазып жіберіп жатырмын. Бірақ тексергілері келмейді.
Сондай-ақ 2 тамызда Мираш Бекболға «Мирас Ж» есімінен бес мың теңге «Спасибо за минет» деген жазбамен аударылған. Бұл деректің скриншоты жанында жүрген сарбаздардан табылып отыр. Оны офицерлер көріп қалып, Айбек Нұртаевтың туысқандарына жіберген. Бастапқыда мұны сарбаздар «әзілдескенбіз» деп түсіндірген. Бірақ сараптама нәтижесінен кейін бұл ешқандай да әзіл емес екені анықталды. Сұрақ көп. Жауап жоқ. Бәрі түсініксіз...
-Ішкі істер министрлігі осы деректерді жариялағаныңыз үшін сізді жауапқа тартуы мүмкін екенініңізді хабарлады. Бұған не дейсіз?
-Мен этиканы бұзбадым. Бұл құпия іс емес. Қылмыстық-процестік кодекстің 70-бабы бірінші тармағында «Қорғаушы күдіктi, айыптауды теріске шығаратын немесе күдіктінің, айыпталушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды анықтау мақсатында қорғаудың барлық заңды құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға және оларға қажетті білікті заң көмегін көрсетуге мiндеттi» деп жазылған. Мен осы деректі жария ету арқылы өз қорғауымдағы адамға тағылған кінәні жоққа шығаруға тырысып жатырмын. Мен тексерістен қорықпаймын. Бірақ маған қысым жасалып отыр. Осы мәселе бойынша ҚР адвокаттарының құқығын қорғау комиссиясына арыз жаздым. Ол жақтағы жүздеген адвокат мені қолдап, әділет министрлігіне не себепті әріптесімізді қудалап жатырсыздар деп, сұрау жіберді.
Бүгін осы іске қатысты Қорғаныс министрлігі сарбаздың өлімі Қазақстан Қарулы Күштеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Яғни, басын алып қашып отыр ғой. Ал шекара қызметі үнсіз отыр. Бұл бір былық қой. Сарбаздарды қалай тәрбиелеген, қалай оқытқан? Сұрақ көп. Мұның бәріне тергеу қызметіндегілер жауап беруі керек.