ДАМУ
Қазақ киноиндустриясында ерекше орын алатын туындылар аз емес. Соның бірі - «Шоқан Уәлиханов». Фильмнің режиссері Асанәлі Әшімов, түсірілім барысында болған оқиғаларды естелік ретінде жазып қалдырған. Bugin.kz порталы сондай естеліктердің бірін ұсынады.
Шоқанның рөліне кастинг жариялағанбыз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шықпай, біраз уақыт жүріп қалдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой», – деген сөзіне мән берген жоқпын. Өсек сөзден, елдің күбір-сыбырынан қорықтым. Бірде операторлар менің жоқтығымды пайдаланып, Сағиды дайындапты. Аңдап қарасам, мұрты қиылып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Содан өзім араласқандай болмайын деп, Көркемдік кеңестің қарауына жіберіп, Шоқанның рөліне Сағиды бекітті. Түсіру жұмыстарын бірден бастап кеттік. Хиуа, Ош, Қытай сапарын сәтті түсіріп, Ленинградқа жол тарттық. Бізге Шоқан заманындағы қала керек. Ленинградтың троллейбус линиялары түсіру жұмысына кедергі келтіретін болды. Романов деген басшы Дінмұхамед Қонаевты таниды екен, Димекеңе сәлемін айтып жүріп Ленинградтың кейбір көшелеріндегі троллейбустың линияларын да өзгертіп берді.
Қашқардан оралған Шоқан Орыс географиялық қоғамында баяндама жасайды ғой. Сол заманда баяндама жасаған кабинетті, трибунаны анықтадық. Шоқан жазған дәптерді таптық. «Мынау сол заманда Шоқан тұрған жер, мынау Шоқанның өз жазуы», – деп Сағиға түсіндірдім. Сөйтіп ұлы ғалымның естелігі қалған қалада біраз түсірілім жұмыстары атқарылды.
Үш сериялы кино дайын болған соң, оны Димекеңнің қарауына ұсындық. Үшінші серия Шоқанның сайлаудан өтпей қалған жерін еститін, даладағы көрінісімен аяқталатын. Кино Димекеңе қатты ұнапты. Алайда, Шоқанның Алматы өңіріне келген кезі, Тезек төренің ауылындағы кезеңі суреттелмей қалыпты. Ақыры бастаған соң, біржолата жақсы дүние етіп жасаған жөн ғой деген пікірін білдіріпті. Содан 1985 жылы, Шоқанның туғанына 150 жыл толу мерейтойына орайластырып, фильмнің төртінші сериясын жасауды қолға алдық. Сөйтіп, 1983 жылы тапсыруға тиіс фильмді 1985 жылы ұсындық. Ол кезде бар киноны Мәскеу қабылдайды. Онда Шоқанды білмейтіндер де, білгісі келмейтіндер де бар екен. «Неге Достоевскийдің қасында емін-еркін сөйлеседі?», – деушілер де табылды. Енді Шоқан мен Достоевскийдің достығын дәлелдедік. «Сенбесеңдер, мынандай деректер бар», – деп, Достоевскийдің Шоқанға жазған: «Мен сізді інімнен артық сүйемін» деген хатын көрсеттік.
Кино түсіру барысында Әлкей Марғұлан консультант болды. Фильмде Шоқан мен Чернышевскийді кездестіреміз. Ал біз білетін тарихта екеуінің кездесті деген дерегі жоқ. Бірақ бір қалада, бір уақытта болған. «Шоқан мен Чернышевскийді кездестірсек, кейін «екеуі кездеспеген еді ғой» деп академиктеріміз шалқасынан түсіп жүрмей ме?», – деп сауал тастадым үлкендерге. Марғұлан: «Шоқанның Чернышевскиймен кездеспеуі мүмкін емес. Екеуі бір қалада жүрді, ал ол кезде ол қалада талай үйірмелер, отырыстар көп өтеді. Чернышевский мен Достоевскийдің арасы кішкене дұрыс емес еді ғой. Ал Шоқан Достоевскиймен дос. Сондықтан Чернышевскиймен кездескені туралы айтпаған да болуы мүмкін. Тіпті, екеуі кездеспеген күннің өзінде кинодағы көркемдік шындық пен режиссерлік шешім дерсің», – деген еді.
Осы киноны түсіру туралы ұсыныс жасағанда келісімімді бірден бермей, ойланып көрейін деп айттым. Өйткені, Шоқан жайлы әуелде Мәжит Бегалин түсіріп, Нұрмұхан Жантөрин сомдаған Шоқанның бейнесі қандай?! Кейіннен ойланып қарасам, Шоқан тұлғасы уақыт өте жаңғырып отырады екен. Уақыт өте халқы оны жаңа қырынан тани түседі екен. Бәлкім, алдағы болашақта жастар шығып, біздің Шоқан мынау деп, тағы бір фильм түсірер, ал менің түсіргенім, менің Шоқаным еді…
Актер Асанәлі Әшімовтың естелігінен