ДЕНСАУЛЫҚ

«Қазы жегеннен іш қуысына тіс тазалағыш тұрып қалған»: Таразда ер адамға ота жасалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тараз қаласының ауруханасына іші 4 күн бойы ауырған 54 жастағы ер адам барған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ер адам бірнеше күн ауырғанымен, медицина көмегіне жүгінбеген. Алайда іші қатты ауыруын қоймаған соң, жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген.

Хирургия бөлімшенің меңгерушісі, лапароскопия бойынша тәжірибелі және білікті маман Ғабиден Рахымжановтың бастамасымен хирург дәрігерлер Бекташ Дүрсінов пен Әлімбек Бекнұр компьютерлік томография жүргізді. Суреттерде келіп түскен науқастың іш қуысында тұрып қалған тіс тазалағыш табылды.

«Бөгде затты алып тастау» әдісі бойынша шұғыл лапароскопиялық операция жасалды. Операция кезінде ұзындығы 4 см және диаметрі 2 мм ұзын жіңішке ағаш таяқша (тіс шұқығыш) алынды. Сәтті жүргізілген операциядан кейін науқас есін жиып, бірнеше күн бұрын қазы жегенін айтты. Ол етпен бірге тіс тазалағыштың өңешке түскенін байқамаған болуы керек» делінген хабарламада.

Дәрігерлер қыста соғым көп сойылатындықтан, ет жеген кезде өте сақ болу керегін ескертеді.