Әлем
Пәкістанның Пешавар қаласындағы мешітте жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан 28 адам қаза тапқан. Кем дегенде 150 адам жарақат алды, олардың кейбірінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Geo News сайтына сілтеме жасап
Пәкістанның қауіпсіздік қызметкерлері намаз кезінде күшті жарылыс болғанын хабарлады. Олардың айтуынша, жанкешті намазхандардың арасында алдыңғы қатарда тұрғанда өзін жарып жіберген. Әзірге ешбір ұйым жарылыс үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, 28 адам қаза тауып, кемінде 150 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің кейбірі ауруханада ауыр халде жатыр.
Оқиға куәгері күшті жарылыстан мешіт төбесі опырылып түскенін айтты. Оқиға кезінде ғимарат ішінде 120 адам болған. Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф шабуыл жасағандарды айыптады. Ол бұл оқиғаға қатысы барлардың исламға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл лаңкестер Пәкістанды қорғау міндетін атқарып жүргендерге шабуыл жасау арқылы қорқынышты тудыруға тырысуда», - деді ол.
Бұған дейін Пәкістанның Белуджистан провинциясында 40-тан астам адамның өмірін қиған автобус апаты орын алды. Британ энциклопедиясы сайтының мәліметінше, Пешавар Пәкістанның солтүстігіндегі Хайбер-Пахтунхва провинциясының астанасы болып табылады. Қала ел астанасы Исламабадтың солтүстік-батысында орналасқан.