ДЕНСАУЛЫҚ

"ДНҚ арқылы адамның руын анықтауға бола ма?" - Маман генетика құпияларын бөлісті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) - тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуіне жауапты қышқыл саналады. Ғылымның бұл саласы 19 ғасырдың соңында ашылғанымен, бүгінге дейін таңқаларлық жаңалықтарымен жалықтырар емес. Генетикалық зертхана маманы Айнұр Қонысбекова туыстық қарым-қатынасты немесе генетикалық ауруларын ДНҚ-тест арқылы анықтауға келетін адамдар көп екенін айтады.


"Әкесін анықтауға және тромбофилия медициналық анализін тапсыруға келетіндер көп. Қазіргі уақытта тромбофилия өте жиі анықталып жатыр. Тромбофилия ауытқуы бедеулік, инфаркт, инсульт сынды ауруларға алып келеді", - дейді ол.


Тромбофилия анализі арқылы генмен келген ауруларды анықтай алғанмен қатар, сілекей, шаш, қан, тырнақ, сүйек секілді биоматериал тапсыру арқылы сіз ата тегіңіз туралы ақпаратты, тіпті ата-бабаңыздың қайдан келгенін де біле аласыз.


"ДНК тест арқылы ұрпақта ата-бабаларын анықтауға болады. Және де оның руын анықтай аламыз. Бірақ ұлтын анықтау мүмкін емес. Шығу тегі деген анализ бар. Ол жерде біз ата-бабасының қай жақтан шыққан тегін анықтаймыз және руын анықтап бере аламыз. Сол ата-бабаларының қай жақтан келе жатқанын 100 пайыз анықтауға болады", - дейді Айнұр Қонысбаева.

Ұлттың ДНҚ-генетикалық тест арқылы анықталмауының себебі бар. Өйткені, ұлт - бұл әлеуметтік құрылым, саяси түсінік, белгілі бір индивидтің белгілі бір адамдар тобымен ортақ тіл, дін, дәстүр негізінде өзін қалай сәйкестендіруімен байланысты. Мұндай жағдайда тест тапсырғанда талдау тек адамның шығу тегінің ықтимал популяциясын анықтауға және тиісінше оның этникалық шығу тегі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Фото: 24gadget.ru

Фото: 24gadget.ru

Генетика қызық деректерге толы. Днқ арқылы тек түс пене түр беріліп қоймай, интеллект, мінез-құлық, қылықтар да атадан балаға өтеді. Қызығы, генетик мамандардың зерттеуінше ақыл-ой әкеден балаға берілмейді, тек әкеден қызға өтеді. Оның өзінде жартылай ғана.


"Ұрпақта генетикалық ақпараттың сақталатыны рас. Ол әкесінен 50 пайыз, анасынан 50 пайыз алынады. Мінез-құлық, қылықтары берілгенімен қоршаған ортаға байланысты көрінуі мүмкін. Яғни, көрінуі немесе көрінбеуі өскен ортасына байланысты", - дейді маман.


Адамдар эволюция кезеңдерінде ДНҚ-ның кейбір кодтарын жоғалтады. Нәтижесінде, уақыт өте келе адамзат бойында физиологиялық өзгерістер орын алады.Ал,гарвардтық ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, 1 грамм ДНҚ-ның 700 терабайт ақпаратты сақтай алатын күші бар.