Өнім
1993 жылы Алматы қаласында кикбокстан халықаралық турнир өтті. Сол жарыста 51 келіде өнер көрсеткен Қырғызстан спортшысы халықтың көзайымына айналды. Сайыстың жеңімпазы атанған ұлты түрік Шабан Шадманов сол жарыстың үздік спортшысы атанды. Bugin.kz порталы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болған оқиға туралы қызықты ақпарат ұсынады.
Жеңістің буына мастанды ма, әлде басқа жағдай түрткі болды ма белгісіз, алтын алған қырғызстандық дүйім жұрттың алдында: "Мені жеңетін қазақ туған жоқ әлі" деп айтқан.
Дәл сол сәттің куәгері кикбокстан хабары жоқ Елмұрат Қайыпжанов есімді қазақ баласы еді. Жастайынан бокспен айналысқан Елмұраттың өзге спорт түрін таңдауына осы оқиға сеп болған. Достарымен сол жарысқа барып, намысын қайраған ол алдына үлкен мақсат қояды. Мақсаты - қазақ халқына тіл тигізген спортшыны ұту.
1991-1992 жылдары тоқырау заманы болғанын жақсы білеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі спорттың халі мүшкіл болған-ды. Десек те, кейбір қазақ жігіттері өз қалтасынан қаржы бөліп түрлі жарыстар ұйымдастырған. Ел ішінде ғана емес, шетелдің бетке ұстар спортшыларын да шақыртқан. Ал сол кездегі көп танылған спорттың бірі - кикбокс еді.
Бокстан жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Қайыпжанов жаңа залдың ашылуына байланысты кикбоксқа бет бұрады. Қазақстанда Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына орай өткен бәсекеде лицензия жеңіп, шетелге шығуға мүмкіндік алады.
Белгард қаласында Еуропа чемпионаты басталады. Қызығы сол, әлемнің үш дүркін чемпионы Шабан Шадманов пен әзірге ешқандай атағы жоқ Елмұрат Қайыпжанов бір салмақта өнер көрсетеді, бас-аяғы 28 адам. Қарсыластарын шетінен жеңіп келе жатқан қос мықты финалда жолығады. Алдында "Кикбокстың каролі" тұрса да, бір Жаратқанға сыйынып шыққан Елмұрат қарсыласынан еш қорықпайды. Оған себеп, содан бірер жыл бұрын айтқан Шабанның сөздері еді.
Шайқас жалғасады, бірінші раундта қарсыластың қимылын баққан Қайыпжанов қауіпті соққы сезінбейді. Екінші раундтан бастап шабуылға шығып, сәтті қорғана да білді. Бір рет нокдаунға жіберіп, соңында төрешілер шешімімен қазақстандық спортшы жеңіске жетеді. Бұл спорт жанкүйерлері үшін сенсацияның нақ өзі еді. Елмұрат Қайыпжанов 1996 жылы кикбокстан Еуропа чемпионы атанды. Бұл жеңіс тек спорттағы ғана емес, намыс додасындағы да жеңіс пе еді, кім білсін?!