ДАМУ
Заман ағымына байланысты онлайн дүкендер көбейіп, әуе және теміржеол билеттерін интернет арқылы алу жолдары пайда болды. Артық уақыт жұмсамай, шығындалмай атқарылатын іс кімге де болсын тиімді. Десек те, қоғамдағы тұлғаның бәрі бірдей сауатты емес екенін жақсы білеміз. Тіпті, көзі ашық, ғаламторды бір кісідей игерген жандардың өзі интернет-алаяқтарының құрбаны болып жатыр. Осы мәселе бойынша Bugin.kz порталы зерттеп көрді.
Бірер күн бұрын Алматыдан жік шықты, екі құлағы тік шықты. Қажылыққа барамыз деген 100-ге жуық адам алданып қалды. Бұл ақпаратты біз де жазған болатынбыз. Оқиға дәйек болсын деп жапа шеккен кейіпкермен де байланысқа шықтық. Құдай алдындағы парызын өтеймін деген Абзал Айтмолда оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
"Компанияның аты - Kausar Travel. Билетті қаңтар айының 12-сі күні алдым. Инстаграм желісінде таргеттен жарнама ретінде шығып, сілтеме арқылы өтіп, компания менеджерімен сөйлестім. Сөйлесу барысында офиске келіп, сол жерде анық ақпаратты алғаннан кейін билетті сатып алу үшін 515000 теңге қаражатты банк қосымшасы арқылы басқа менеджердің жеке шотына аудардым.
Көп таныстарым осы компания арқылы 1-2 ай бұрын барып келген болатын, және де көптеген атақты кісілердің барып келуіне байланысты да сенімді компания екен деп ойладым. Ақша жағына келсек, құзырлы органдар ақшаны қайтарып береміз деп уәде берген жоқ, тек қана айыпталушының кінәсі анықталса оның заң алдында жауапқа тартылуына жауапкершілік алды" -, дейді жәбірленуші.
Негізінен қомақты қаржыны белгілі бір мекен-жайға аудармас бұрын тыңғылықты тексеріп алған жөн. Мұны қаржы маманы мен заңгерлер де мақұлдайды. Осы тұста айтатын маңызды дүние бар. Ал Умра қажылығы туралы арнайы маманнан сұрап көрдік. Қамқор қорының қызметкері Агзия Тұрсынбайқызы кеңестерімен бөлісті:
"Умра қажылығына апаратын компанияларды анықтаудың бірнеше тәсілі бар. Біріншіден сенімді компанияны тексеру үшін http://www.fondkamkor.kz сайтынан қарау керек. Сосын жыл сайын Мүфтият тізім жариялайды. Сол тізімге қарап таңдау жасаған абзал. Ескеретін тағы бір жайт, сапарға аттанарда әр адамға турпакет шығарып беруі тиіс".
Тағы бір ескеретін жайт, ашық дереккөздерде қажылық барудың өзіндік құны 1300 АҚШ долларын құрайды екен. Ал аңғал халықты алдағысы келетіндер 800-1000 доллар деген баға қойып, көпшілікті қызықтырады. Бұған да назар аударыңыз.
Иә, қай салада болсын алаяқтық бары рас. Бірақ таңдау мен талғам адамға байланысты. Еске салайық, алаяқтық жасады деп айыпталған Kausar Travel басшысы ұсталған болатын.