Спорт
Қазақ спортында таланты асқан, жүрегі түкті спортшылар жетерлік. Бір өкініштісі, жастайынан халықтың қошеметіне бөленген дарынды спортшылар өмірден ерте кетеді. Біріне қастандық жасалса, бірі келеңсіз жайтқа тап болады. Сондай спортшылардың бірі, боксшы Ермек Серіков туралы Bugin.kz порталы зерттеп көрді.
1989 жылы дүние есігін ашқан жампоз барған жарысының бәрінен жүлдесіз қайтпаған. Жасөспірімдер арасында Азия чемпионатын үш мәрте жеңген ол 2005 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді. Тұлпарды тайынан байқаған жаттықтырушылар Ермекті 2009 жылы Миланда өтетін әлем біріншілігіне апармақ ниетте болған. Амал нешік, 2009 жылдың тамызында спортшы қарақшы қолынан қаза тапты.
Өз қатарластарының алды болған Ермек «Қазақтың Тайсоны» деген лақап атқа ие болды. Оған себеп марқұмның стилі ерекше, әрі нокаутер еді.
Жас талантты кәсіпқой боксқа жаңа бет бұрған Геннадий (GGG) Головкин тәжірибе шыңдауға шақырған. Талантты бірден байқаған Генаның промоутерлері оны жібергісі келмей, кәсіпқой боксқа ауысуға үгіттеген. Десе де, Серіковтың бір арманы Олимп шыңын бағындыру болған екен.
Ермек Серіков 2009 жылы, 20 жасында дүние салды. Туған қаласы Шахтинсктегі мейрамханалардың бірінде басталған жанжалдың арты үлкен дауға ұласады. Нәтижесінде боксшы ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан.
Ал боксшының өліміне себепкер қарақшы екі жарым жыл уақыт өткен соң Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Ол кінәсін мойындап 7,5 жылға бас бостандығынан айырылады. Қызығы сол, 2013 жылдың қаңтар айында Владимир Щепин түрмеде жүрек талмасынан қайтыс болған.
Көзі тірі болғанда Ермек Серіков қазір 34 жаста болар еді, қыршын кетті. Бір кем дүние.