Әлем
Украина Қарулы күштері өткен тәулікте Ресей басқыншылар армиясының 670 әскери қызметкерін, 7 соғыс машинасын және 4 танкісін жойып жіберді. Бұл туралы «Украинская правда» жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Өткен тәулікте украин қорғаушылары жаудың Донецк және Луганск облыстары аумағындағы 20 елді мекенге жасалған шабуылдарын қайтарды.
Сонымен бірге осы күндері оккупанттардың соғыста қаза тапқан жауынгерлерін Қырымға әкеп өртеп жатқаны да мәлім болды. Украина Қарулы күштері Бас штабының хабарлауынша, Симферополь ауданының Красная Зорька селосындағы крематорий осы үшін күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Оның жанында ұдайы әскер машиналар кезекке тұрып қалады. Сондай-ақ, крематорийдің тек әскерилерге ғана қызмет көрсететіні де айтылып жатыр.
Ұлыбританияның қорғаныс министрі Бен Уоллес Ресей армиясының құрамы түгелге жуық Украинадағы соғысқа қатысып жатқанын хабарлады. Ол BBC радиосы эфирінен сөйлеген сөзінде Ресейдің Украина қорғанысын бұзып өте алатындай біртұтас күші жоқ екенін айтты.
Біз тек Ресейдің өлермендікпен алға ұмтылғанын ғана көрдік. Бірақ онымен ілгері жылжи алған жоқ, – деді ол.
Ресей армиясы былтырғы жылғы 24 ақпаннан биылғы 14 ақпанға дейін Украинаға қарсы басқыншылық соғысында қазірдің өзінде барлығы 139 770 әскери қызметкерінен, 3 290 танкісінен, 6 507 бронды соғыс машинасынан және 236 ПВО қаруынан айырылды.