Bugin
Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қырғызстанның барлық экс-президенттерінің басын қосып, кездесу өткізді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев мәлімдеген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Mezgil.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков қатысқан.
Белгілі себептерге байланысты кездесу бейтарап аймақта өткен. Экс-президенттер сол кездесуде бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіргенін мәлімдеген. «Қырғыз ұлтының болашағы үшін күшімізді біріктірейік», - деп келіскен.
Еске сала кетейік, алдыңғы жылы Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың үстінен қозғалған барлық айыптаулар алынып тасталып, қылмыстық іс тоқтатылған еді.
Ақаев 16 жыл шетелде «қашып» жүрді. Мәскеуді барып паналады. 2021 жылы 16 жылдан соң еліне оралып, 2 рет сотта куәлік берді. Ол өзінің ел басқарып тұрған кезіндегі қателіктері үшін Қырғызстан халқынан кешірім сұраған. Қазақстанның экс-президентімен құдандалық қатынасы бар Асқар Ақаев 1990 жылдан 2005 жылға дейін Қырғызстан билігінде болды.
Қырғыздың қазіргі президенті Садыр Жапаров: «Ақаев халық алдында бар кінәсі үшін жазасын өтеп болды», - деді.
Ал биыл Ақаев толық ақталды. Бірақ, ол Қырғызстанға қазір оралатын сыңай танытпады. Үй-жайы да, жұмысы да Мәскеуде. «Келіп-кетіп жүремін», - дегендей болды.
Ал өткен аптада Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев та бостандыққа шықты. Тіпті, оған шекараның сызығын аттауға да тыйым салынбады. Ол қамаудан босағаннан кейін Испанияға аттанды. Мақсаты – емделу үшін.