Bugin
Шымкентте "Арсенал" қару-жарақ дүкенін тонаған ер адам ұсталды. Дүкенге шабуыл кезінде ол дабыл бойынша келген екі күзетшіге оқ атқан және көшеде емін-еркін қару ұстап жүрген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Мәліметке сәйкес ер адам қару сататын дүкенге келіп, сатушыдан "Сайга" маркалы қаруды көрсетуді сұраған. Қаруды алған соң сатушыны өзімен алып келген шолақ мылтықпен қорқытып, оқтап беруді талап етіпті. Дабыл бойынша келген екі күзетші ер адамды тоқтатпақ болғанда күдікті оларға қарсы оқ атқан. Нәтижесінде күзетшілердің бірі білегінен жарақат алды, ал екіншісіне оқ брондалған кеудешесіне тиді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 14:40 шамасында Иляев-Рысқұлбеков көшесінде орналасқан қару-жарақ дүкеніндегі дабыл батырмасы іске қосылған. Оқиға орнынан қашпақ болған ер полиция көлігіне отырыпты. Сол сәтте оны Тұран аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ұстаған.
Белгілі болғандай, ер адам, Өзбекстан азаматы, Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады. Одан шолақ мылтық және ұрланған "Сайга" карабині тәркіленді. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, – делінген хабарламада.
Ал желіде тараған видеоға үңілсек, қос полицейді көлігінен қуып өзі мініп алған қаскөйге қарапайым киім киген жігіт қарсы тұрады. Сол сәтте полицейлер де келіп, қылмыскерді ұстайды.
Видеоны мына сілтеме арқылы көре аласыз