Әлем
Таиландтан пана іздеген 49 жастағы ұйғыр ұлтының өкілі Абу Абдулланың қазасы елдегі құқық қорғау ұйымдарын 9 жылдан бері қамауда отырған 50 шақты ұйғырдың мәселесін гуманды жолмен шешуге итермелеп жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Qamshy.kz сайтына сілтеме жасап.
ВВС мәліметінше, Абу Абдулла 2013 жылы Шыңжаңнан қашып, Таиландта ұсталған 350 ұйғыр этносы өкілдерінің бірі болған. Ол Шыңжаңның оңтүстік-батысындағы шеткері ауданда фермер ретінде жұмыс істеп, жүкті әйелі, бауыры және жеті баламен 2013 жылдың соңында Таиландқа қашып келген. Оның тобы Таиландтың оңтүстігі арқылы Малайзияға, содан кейін Түркияға жетуге тырысқан. Ол кезде ұйғырлардың көпшілігі Қытайға оралмау үшін түрікпін деп мәлімдеп, Түркия олардың кейбіріне азаматтық берген. 2015 жылдың шілде айында Таиланд билігі олардың 173-ін, соның ішінде Азиз Абдулланың әйелі мен балаларын Түркияға алып кетуге рұқсат берген.
Алайда Қытай бұған үзілді-кесілді қарсылық танытып, Түркияны екіжақты мәселеге араласты және "заңсыз иммиграциялық әрекеттерді қолдады" деп айыптады.
Кейіннен Таиланд үкіметі ұйғыр азаматтарының көпшілігін күштеп Қытайға тапсырған. Өткен жылға дейін қалған 50-ге жуық ұйғыр тұтқыны Таиландтың әртүрлі бөліктеріндегі уақытша ұстау изоляторларында болған. Олардың үшеуі қашып үлгерген соң, қалғандарын Бангкоктағы орталыққа ауыстырған. Қазіргі таңда олардың жағдайы өте нашар.
Иммиграциялық тергеу изоляторында ұсталғандармен байланыста болған белсенділердің айтуынша, Абу Абдулла үш аптадан астам уақыт бойы сырқаттанса да, Таиланд билігі оны есінен танып қалғанша ауруханаға жібермеген. Ақыры ол изоляторда қайтыс болып, оның өлімінен кейін дау-дамай басталды. Бұл жағдай Таиланд үкіметін қалған тұтқындардың мәселесін гуманды жолмен шешуге итермелеп отыр.
Батыс елдері Қытайды ұйғыр, қазақ сынды мұсылман ұлттарға қарсы адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптайды. Қытай батысындағы Шыңжаң өлкесінде соңғы жылдары миллионға жуық адамды лагерьге қамаған. Ресми Пекин ондай орындарды "қайта тәрбиелеу лагерлері" деп атайды. Ол жерде тұтқындарға қатігездіктің небірі көрсетілетіні туралы ақпарат көп. Алайда Қытай билігі лагерьлерде адам құқығы өрескел тапталып жатқанын жоққа шығарады.
Сарапшылар Таиланд тұтқындарды Қытайға бермей, шекарасынан өзге елдерге өткізіп жіберейін десе, Пекинді ренжітіп алудан сескенеді. БҰҰ-ны өтініп сұрағанына қарамастан Таиланд 2015 жылы 109 ұйғыр азаматын кісендеп, басына жауып, ұшақпен Қытайға кері қайтарған.