Bugin
Елордалық жолаушылар автобустың ішіне жіп тартып, іш киімдер жайған. Бұл оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде таралды. CTS компаниясы аталған жайттың қай бағыттағы көлікте және қалай болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Қызметтік тексеру барысында CTS Көлік бақылау департаментінің жұмыскерлері бұл әрекеттің №21 бағдарда болғанын анықтады. Мән-жайды нақтылау үшін автобус салонындағы камералардан бейнематериалдар алынды. Бейнежазбаны қарау кезінде белгілі болғаны, сағат 20:29-да "Астана саябағы" аялдамасынан отырған жолаушылар автобус салонында асығыс түрде жіп тартып, киімдерді іле бастаған. Келесі "Аiland" отбасылық демалыс орталығы аялдамасына жеткенде ілінген жіп пен заттарын жинап алып, автобустан шығып кеткен. Олардың бірі және кейбір жолаушылар салонда болып жатқан жайттың барлығын ұялы телефондарына түсірген", - делінген компанияның ресми Іnstagram парақшасында жарияланған мәліметте.
Компания дерегінше, тиісті шара қолдану үшін бейнематериал Астана қаласының полиция департаментіне жолданған.
Еске салай кетейік, 20 ақпан күні желіде автобус салонында жіп тартып, киім ілген видео жарияланған болатын. Бұл бейнематериалды көпшілік қызу талқылады.