Өнім

"Фолиант" баспасынан бірнеше кітап оқырманға жол тартты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлем әдебиетінің озық туындыларын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсынып жүрген «Фолиант» баспасынан 2023 жылдың қаңтар айында бірнеше кітап оқырманға жол тартты.

НАЙЗАҒАЙЛЫ АСУ

Ағылшын жазушысы Эмили Бронтенің «Найзағайлы асу» романы қазақ тілінде жарық көрді. Бұл роман қаламгердің жалғыз романы болса да ағылшын әдебиетінің классикасына айналған туынды.

1847 жылы роман жарыққа шыққаннан кейін көпшілік тарапынан үлкен сынның астында қалды. Себебі, викториан дәуіріндегі ағылшын қоғамы махаббат пен қызғаныш, көреалмаушылық пен зұлымдық жайында батыл жазылған бұл туындыны бірден қабылдауға дайын емес еді.

Біраз оқырмандар романды тұрпайы азғындық пен құбыжық қорқыныштың қосындысы деп те атады. Басқалары автордың өзгеге ұқсамайтын даралығы мен шығарманың  сонылығын еріксіз  мойындады.

Қилы тағдыр, кереғар сезімге толы туындының желісі бойынша көптеген фильмдер түсіріліп, 50-ден астам рет экрандалған.

Эмили Бронтенің «Найзағайлы асу» романы  оқырманды бей-жай қалдырмайтын, әлем әдебиетінде орны бар танымал көркем туынды. 

ҮМІТ ҚҰШАҒЫНДА

Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс «Үміт құшағында» романын оқырмандарға қолжетімді болуы үшін 36 бөлікке бөліп, әр апта сайын «All the Year Round» әдеби журналына шығарып отырған. Кейін аптасына 100 мың данамен сатылымға шығып, ағылшындардың сүйікті шығармаларының біріне айналды.

Шығарманың басты кейіпкері Филип Пиррип нағыз джентльмен болуға және қоғамда азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ұмтылады. Ол сондай-ақ сүйіктісіне қол жеткізуді де армандайды. Бірақ уақыт өте қамқоршысынан алған қаржылай көмегі және джентльмендер әлеміндегі дұшпандық пен мейірімсіздіктің бақытқа бастамайтынын түсінеді.

СҰМ ЗАМАН

Моңғол империясының іргетасын қалаған, жарты әлемді жаулаған қаһарлы әмірші Шыңғыс ханның есімі адамзат тарихында ерекше орын алады.

Бойына дарыған кемел ақыл, қайрат пен күш-жігер, темірдей төзімділіктің арқасында қауқарсыз жетімнен әлем тарихына ықпал еткен ұлы билеушіге айналды.

Жазушы Исай Калашниковтың «Сұм заман» атты тарихи романы  өз заманында аса ірі әскери және мемлекет қайраткері болған Шыңғыс хан туралы жазылған тарихи роман.

Оқырманға тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы шынайы мәліметтер ұсыну үшін Исай Калашников ортағасырлық мәтіндер мен ғалымдардың еңбектерін зерделеп «Сұм заман» романын жазуға тоғыз жыл уақытын арнаған.

Әлемдегі ең үлкен империяны құрған Шыңғыс ханның өмірін, сол кезеңдегі оқиғалар тізбегін білгіңіз келсе Исай Калашниковтың «Сұм заман» атты тарихи романын оқуға кеңес береміз.

Аударған - Нұрғазы Шәкеев

ЭМБЕРДІҢ ТОҒЫЗ ХАНЗАДАСЫ

Фантаст жазушы Роджер Желязнының туындылары фантастика мен фэнтези жанрында жазылған американдық шығармалардың алтын қорына енген.

Үздік ғылыми-фантастикалық және фэнтези жанрындағы шығармалары үшін берілетін  «Хьюго» сыйлығын 6 мәрте, «Небьюлы» сыйлығын 3 мәрте және «Аполло», «Локус» сыйлықтарын иеленген.

Танымал он кітаптан тұратын «Эмбер хроникасы» романдар циклін жиырма жылдан астам уақыт жазған. Фантастикалық шығарманың алғашқы кітабы «Эмбердің тоғыз ханзадасы» 1970 жылы жарық көрді.

Жазушының есімін бүкіл әлемге танытқан бұл кітапта тоғыз ханзаданың бірі, Эмбер тағының заңды мұрагері Корвиннің басынан кешкен оқиғасы баяндалады. Жол апатына ұшырап, жадын жоғалтқан ханзада өткен өмірін еске түсіру үшін інісі Рэндоммен бірге Арден орманы арқылы Эмберге аттанады. Жолай елес қала атанған Ребмадағы Отты Жолдан өтіп, өзінің кім екенін есіне түсіреді. Енді ол Эмбердің қазіргі билеушісі, өзінің бауыры Эрикпен соғысып, билікті тартып алуды көздейді. Осылайша ханзадалар арасында тақ үшін күрес басталады.

САЛТАНАТ ҚАҚПАСЫ

Бұл—ешбір қиындыққа мойымаған, әрі азап шеккізген, әрі шексіз қуаныш сыйлаған махаббат хикаясы. 

Романның оқиғасы Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Парижде өрбиді. Басты кейіпкер—француздардан да, нацистерден де бой тасалап, адам өмірін құтқарып жүрген дәрігер хирург, құжатсыз неміс босқыны. Екінші кейіпкер—барлық әртістер сияқты дыз етпе мінезді, көркіне көз тоятын, табынушылары қаумалаған италиялық актриса. Сондай ақ романда ғашықтар табысқан кезеңдегі уақыт бедері, төніп қалған қасіреттің ызғарын сезінген қаланың тыныс тіршілігі, тағдырлас адамдар бейнесі шынайы суреттеледі… Бұл—ешбір қиындыққа мойымаған, әрі азап шеккізген, әрі шексіз қуаныш сыйлаған махаббат хикаясы. 

ХАНЗАДА МЕН ҚАЙЫРШЫ

«Ханзада мен қайыршы» — америкалық жазушы Марк Твеннің
қаламынан туған алғашқы әрі танымал шығарма.

Романдағы негізгі оқиға Англияда өрбиді. Шығармада XVI ғасырдағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен ақсүйектердің сарайдағы өмірі суреттеледі.
Лондон шаһарында бір-бірінен аумайтын екі бала дүниеге ке-
леді. Оның бірі Уэльс ханзадасы болса, екіншісі — кедей отбасынан
шыққан Том Кенти.

Том Кенти патша сарайында өмір сүруді аңсаса, ханзада еркін-
дікті қалайды. Сөйтіп, бір күні күтпеген жерден олардың тілегі
орындалып, шиеленіске толы шытырман оқиғаларға тап болады.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы жаңа дизайнмен, қайта басылып шықты.

Балалар әдебиетінен атақты швед жазушысы Свен Нурдквисттің «Туған күн бәліші», «Петсон сапарға шықты», «Финдустың кішкентай кезінде жоғалып кеткені туралы оқиға» атты кітаптары, испандық жазушы Росио Бонильяның «Атам және мен» шығармасы қазақ тілінде тәржімаланды.