Bugin

Зейнеп Ахметова қалыңдық гүлін лақтыру, әкесімен вальс билеу үрдісін сынады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақы дәстүрлерді насихаттаушы, жазушы Зейнеп Ахметова бүгінгі қазақ той-томалақтарындағы жат әрекеттерді сынға алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы  Kyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Жазушы қыз ұзату, үйлену дәсүрлерінде жасалып жүрген жат әрекеттер туралы сөз етіп, олардың қаншалықты бұрыс екенін түсіндірді. Оның айтуынша, қыз ұзату дәстүрінде қалыңдықтың артына гүл лақтыруы, әкесімен қоштасу вальсін билеуі қазақтың салтында болмаған.

"Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүл лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады", - дейді ол.

Қазіргі дәстүрге айналған жаңа түскен келінді төрге отырғызу да қазақтың ұлттық дәстүріне қайшы екенін атады жазушы.

"Баяғыда келін төрге отыру үшін еңбек сіңіру керек болған. Оларға бала туғаннан кейін ғана ата-енесі үлкен үйдің төріне шығуға рұқсат берген екен. Ал қазір, қарап тұрсаңыздар, төрге апарып қақайтып отырғызып, қарияларды етекке жайғастырып қояды. Жас жұбайлар төрге шығып отырғанша барлығы қарап тұруы керек. Осының өзі біздің ұлттық дәстүрімізге қайшы",- деді жазушы.