Bugin
Алматы облысында әйел адамның денесі 50 күн бойы мәйітханада жатқан. Марқұмның мәйітін ешкім алып кетпепті. Туыстары болса оның өлімініен бейхабар болдық дейді. Бірақ мәйітхана қызметкерлері бақилық болған жанның қызы бәрін біле тұра оның денесін алып кетуден бас тартты деп отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Адам сенгісіз жағдай Қаскелеңнің қақ ортасындағы қалалық ауруханада болған. 26 желтоқсан күні бұнда 67 жастағы әйел жедел жәрдеммен жеткізілген. Алайда дертіне шипа тауып, сауығып шығады деп сарыла күткен жақындары науқастың жан тапсырғанын тек 50 күн өткен соң ғана білген.
Бұл оқиға баяндалған бейнежазба таралмаса ешкім сенбес пе еді. Кадрдағы марқұмның жалғыз қызы. Айтуынша, ақ халаттылар анасының өлімін екі ай бойы жасырып келген. Сұраған сайын әуелде палатада, кейін тіпті кетіп қалды деп ақталған.
Дәрігермен айқайласып кеттік. Сол кезде анамның қайтыс болып кеткенін айтты, – дейді қызы.
Мүрденің 50 күннен аса сақталғанын мәйітхана мамандары да растап отыр. Жақындары келмген соң, полицияның нұсқауын күтумен болыпты.
4 қаңтар күні мәйітті зерттеу туралы бұйрық шыққан. 5-і күні мәйіт зерттелді. Өлімінің себебі – жүрек-қан тамырлар жетіспеушілігі. 10 күннен артық уақытта ешкім алып кетпесе жіберуге рұқсат деп бұйрықта жазылған. Ондай жазба жоқ болғандықтан біз оны өздігімізден жерлей алмаймыз, – дейді Қарасай аудандық сот сараптама институтының сарапшысы Алмас Құтпанбаев.
Ал науқастың өмірі үшін күрескен дәрігерлер айтуынша, егде әйел емханаға ес түссіз жеткізілген. Жасаған отадан оңалмай, 1қаңтар күні қайтыс болыпты. Туысын тек бір рет қана көрдік деп отыр.
Қабылдап алған кезде жанында қызы болды. Ол өзінің мүгедектігі бар екенін айтты. Басқа туысыңыз бар ма деп сұрап едік “жоқ” деді. Бір ағам бар еді, соны үйінен іздеп көрейін деп кеткен. Содан бері ешкім хабарласпады. Ешкім қал жағдайын сұраған жоқ. Қайтыс болғаннан кейін біздің елдің азаматы болмағандықтан полицияға хабар берілді. Ары қарай мәйітханаға жіберілді, – дейді Қарасай ауданаралық орталық ауруханасының дәрігері Айгүл Капитан.
Шетелдік азамат болғандықтан тәртіп сақшыларына марқұмның жақындарын табу қиынған түскен көрінеді. Бір қызығы, әзер байланысқа шыққан туысы өзі бас тартты деп отыр.
Қайтыс болған азаматшаның қызына қоңырау шалған едік. Қызы Қарасай аудандық полиция басқармасына келуден бас тартып, өзінің мекен-жайын айтудан бас тартты. Қазіргі уақытта анасын жерлеуге мүмкіншілігі жоқ екенін атап өтті, – дейді Қарасай аудандық полиция басқармасының аға тергеушісі Жансая Серікқазы.
Теленарнаның мәліметінше, бұл жерде кімнің сөзі рас екенін болжау қиын. Себебі, туыстары бірнеше ай бойы жер қойнына арулап тапсыра алмаған мәйітті ақыры алып кетіпті. Өздері көтерген шуға қатысты шындықты айтудан бас тартқан.