Bugin

"Әскердегі сарбаздың жағы сынған": Қылмысты жасырмақ болған кімдер?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтөбедегі әскери бөлімде қатарласының жағын сындырған жауынгерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. 18 жастағы сарбазды өңірдегі әскери гарнизонның тәртіп сақшылары тергеп жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТK арнасына сілтеме беріп.

Жәбірленуші мен оны соққыға жыққан жігіт Ақтөбедегі артиллерия және ракета бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Жыл басында Ақтаудағы бөлімнен осында ауыстырылыпты. Кезекшілікте жүрген жауынгерді қатарласы алғашқыда түйіп өтіп, кейін бөлек бөлмеге апарып аяусыз соққыға жығады. Басынан жарақат алып жағы сынған сарбазға әскери бөлім басшылары дер кезде көмек бермепті.

Тек есінен танған кезде ғана госпитальге емес, облыстық ауруханаға жеткізген. Онымен қоймай, дәрігерлер тәртіп сақшыларын шақырғанда әскери бөлім басшыларының бірі әлсіреп жатқан сарбазды кері алып кетпек болады. Қазір әскердегі әлімжеттікті жасырмақ болғандарға қатысты тергеу жүріп жатыр. Командирлерге қандай шара қолданылатыны белгісіз. Өйткені әзірге тек қатарласын ұрған жауынгерге іс қозғалды.

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әскери полиция тергеп жатыр. Жарақат алған жауынгер Алматы қаласындағы госпитальде емделіп жатыр. Оның сол жағы сынып, дәрігерлер операция жасаған. Қазір жағдайы тұрақты. Оның әскери борышын өтеп, үйіне қайтуына әлі сегіз ай бар, – деді 30238 әскери бөлімі командирінің орынбасары Ринат Шәріпов.