Bugin

Бай мен кедейдің қаржылық әдеттері әртүрлі - Данияр Жігітбек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Bugin Podcast-тың" өткен санында копирайтер, ІТ маманы,  "Лайфхактар", "Қаржы қағидалары" кітабының авторы Данияр Жігітбек қонақта болды. Ол қазіргі уақыттағы басты мәселе дұрыс қаржылық әдет қалыптастыру дейді.

"Қаржылық әдет деген түсінік бар. Тапқаныңнан аз жұмсау - әдет, белгілі бір бөлігін қорға жинап қою - әдет. Бірнәрсені ұқыпты ұстау да қаржылық әдет десек болады. Өйткені телефонын ұқыпсыз ұстайтын адам телефонын жаңарта беретіндіктен, артық шығындалады" , - дейді ол.


Қарызға кірген жағдайда да қор жинау керек дейді Данияр Жігітбек. Бастысы, бюджетті дұрыс бөліп үйренген жөн. 

"Бір кездері бір кісіге 400 000 теңге берешегім болды. Ол кезде айлығым 300 000 теңге болатын. Сондықтан оның қарызын 2 айда 200 000 - нан төлеп құтылсам болатын еді. Бірақ сол кезде бір лекцияны тыңдап қалдым. Ол жерде бай адам мен кедей адамның ақша ұстау әдеті айтылады. Бай адамнының әдеті - ақшасының белгілі бір бөлігін өзіне қалдыру, яғни бір бұрышқа қойып қою. Ал кедей адамның әдеті - ақшасынан тезірек арылу. Кейде біреулер шоппинг ұнайды деген сияқты нәрселер айтады. Бұл кезде табысы мен шығысын есептеу керек. Және түптің түбінде "мен ақшамнан тезірек арылғым келеді" деген ой жатқан жоқ па? Қарызды тез-тез жабуға деген ұмтылыс та сол категориядан болуы мүмкін. 

Сосын менде де бай адамдарша ақшамның бір бөлігін өзіме қалдырып отырайыншы деген ой болды. Мен ол кісімен келісіп, 100 000 - нан 4 айда қайтаратын болып келістім. Шындығында, ол кісі менің ақшама қарап тұрған жоқ. Ол жай менің тезірек қайтарып тастау керек деген ұмтылысым еді. Сонымен бай адамдарша қалған 100 000 теңгені ай сайын жинап отырдым.

4 ай өткен соң қарызымнан құтылдым. Сондай-ақ қорымда 400 000 теңге жиналды", - деп еске алды ол.

Қаржыны басқарудың да өзіндік заңдылықтары бар. 

"Мынау - саяхаттың бюджеті, мынау - қордың бюджеті деп пайызбен бөлу қажет. Мен көбінесе табыс көздерін арттыру қажет деп айтамын. Кітап жазу, курс жасау немесе қосымша жұмысың болуы мүмкін. Қысқасы, төрт жерде табыс көзі бар деп есептейік бір адамда. Мұндайда кітаптан түскен ақшаның бәрін қорға жіберемін, екінші жұмысымнан тапқан ақшаны саяхатқа жинаймын, негізгі жұмысымнан тапқан ақшаны шығындарыма жұмсаймын деп бір-біріне жалғап қоясыз. Осылайша іштей өз-өзіңді кінәлау себебі болмайды. Мұны қаржыны басқару дейді", - деді "Қаржы қағидалары" кітабының авторы.

"Қор не үшін жинау керек?" деген сұрақтың жауабы анық. Қор сізге психологиялық беріктік үшін керек. Мысалы жұмысыңыздан айырылып қалған жағдайда немесе жұмысқа жарамсыз болып қалғанда еркін жүруге көмектесетін қорыңыз болуы тиіс" , -  дейді ол.

Bugin.kz

Bugin.kz

Данияр Жігітбектің айтуынша, адам дұрыс қаржылық шешім қабылдауы үшін миы тыныш болуы керек. Ал миы тыныш болуы үшін қоры болуы керек. Бұл жерде ешқандай жамандық шақыру жоқ дейді ол.

Қаржылай еркіндікті сезген адам әрі қарай да табысты арттыруға ынталана түсетінін айтады.