Қоғам

"Інімді құлдықта ұстап отыр": Бауырын іздеген азамат әділдік іздеуде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2019 жылы 4 қарашада Алматы облысы Заречный ауылындағы фазендадан Толқынов Айдар есімді азамат Талғар ауданына қарай шығып кеткен. Ақыл-есі дұрыс, жаман әдеттен аулақ 46 жастағы ер адам содан бері табылған жоқ.

Оның із-түзсіз жоғалғанын үй іші дереу полицияға хабарлаған. Бірақ жігіттің жақындары құзырлы орган қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізуге құлықсыз дейді. Бұл туралы Azattyq Ruhy мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Төрт жыл өтті. Ешқандай іздеу жұмысы жүргізіліп жатқан жоқ. Жоғалған күні-ақ Іле аудандық ішкі істер бөліміне арыз жаздық. Айдар өзіміздің фазендадан шығып кеткен болатын, - дейді бауыры Толқынова Қарлығаш.

Бір күннен кейін жоғалып кеткен ер азаматтың анасына білгісіз нөмірден өзін Айдынмын деп таныстырған адам хабарласқан. Ол баласын бір сағаттың ішінде алып кетуін айтыпты. 

Сол жылы 5 қарашада менің інімді көріп, машинаға салып алып кеткен адам бар. Есімі – Айдын. Ол інімді өзі жұмыс істейтін Қонаев қаласының маңайындағы фазендаға қарай алып кеткен. Артынша анама інімнің суретін жіберіп, «Мынау сіздің балаңыз ба? Бір сағаттың ішінде келіп алып кетіңіз» деген хабарлама жіберген. Анам телефон соғып, басқа бауырыма барып алып кел деп айтқанша, екі сағат өтіп кетеді. Сонымен Айдын да жоқ, інімнен де айырылдық. Кейін полиция Айдыннан куәгер ретінде жауап алғанда, ол өз сөзінен айнып, менің інімді мүлдем танымайтынын айтқан, - дейді Қарлығаш Толқынова. 

2020 жылдың желтоқсанында іс «Із-түзсіз жоғалу» дерегінен «Адам ұрлау» дерегі бойынша өзгертіледі. Яғни, соңғы рет Толқынов Айдарды көрген Айдын есімді азамат куәгер емес, енді күдікті деп танылған. Бірақ содан бері күдікті бірде-бір рет тергеуге келмепті. 

Айдынды неге полиция тергеуге шақыра алмайды? Ол күдікті ғой. Қанша уақыт өтті. Мұнда бір шикілік бар деп ойлаймын. Өйткені сол Айдын анама бір рет хабарласқанда, «Уайымдамаңыз, Іле ауданындағы полиция қызметкерінің бәрін жақсы танимын» деген. Яғни, араларында бір келісім бар. Әйтпесе, бір елде жүрген адамды неге тергеуге шақырту жіберіп тергемейді? Дәл осы адаммен жолыққаннан кейін бауырым жоғалып кетіп отыр ғой.

Меніңше, інімді бәзбіреулер құлдықта ұстап отыр. Қинап мал бақтырып қойған сияқты. Тараз бен Шудың ортасында үлкен фазендалар бар екен. Сол жерге полицияның өзі адамдарды ұстап сатады дегенді естідім. Прокуратураға сол аймақтарды тексеруді өтіндім. Бірақ ешкім қимылдамайды. 

Бір жайтқа мән берсеңіздер екен. Інімді соңғы рет көрген Айдын деген кісі Бақытбек есімді азаматтың фазендасында қасапшы болып жұмыс істейді. Ал ол кісінің өзі бұрынғы полиция қызметкері. Күдігімнің еселеніп отырғаны бекер емес, - дейді Толқынова Қарлығаш. 

Алматы облысы Іле ауданы полициясы Толқынов Айдарды үздіксіз іздеп жатырмыз деп отыр.

04.03.2020 жылы Іле ауданы ПБ КПБ қызметкерлері аталған азаматты хабар-ошарсыз кеткен азамат ретінде мемлекетаралық іздестіруге жариялады. Сотқа дейінгі тергеу барысында іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабына қайта санаттандырылды. Қазіргі уақытта арнайы тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Толқынов Айдар 2019 жылы 4 қарашада із-түзсіз жоғалып кеткен.

Бойы: 170 см, шашы қоңыр түсті әрі бұйрау келген, көзі көк, дене бітімі арықша келген.

Үстіндегі киімі: көк күрте, көк шалбар, аяғында кроссовкиі болған.

Көрген-білгендер мына телефонға қоңырау соқса болады: 8707 375 92 91 немесе 102.